ҚЫСҚАР

lat: QYSQAR

е т. 1. Қысқа болып қалу, шолтию.

Сөйлеп қал, сөйле тілім, арыс келді,

Алдыңа сөйлейтұғын намыс келді,

Сөйлеп қал, қызыл тілім, осындайда

Қысқарып ұзын дүние қарыс келді (Шал ақын, Өлеңд.).

Егер олар мінбелерден толғанса,

Қысқарады қиын өткел, жол қанша?

Бұл өмірде алынбайтын жоқ қамал,

Егер олар байлам жасап, қолға алса! (М.Мақатаев, Шығ.).

Келіншектің онсыз да онша мол тігілмеген көйлегі көлікке мінгесін, одан сайын жоғары шығып, қысқарып кеткен (Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл).

2. Азаю, сиреу.

Өмір деген ап-ащы ермен бе еді!

Қайда адамның жиғаны, Тергендері?!

Сұрақтарды арқалап жауабы жоқ,

Маршруттар қысқарды серуендегі (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Қазіргі математикада ашылған жаңалық пен оны практикада басқа ғылымдар саласында қолдану уақыты мұнан 20-30 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда көп қысқарды (Ә.Нысанбаев, Қазіргі матем. филос. мәселе.).