Қарқара көтерілісі

lat: Qarqara kóterilisi

Қазақстандағы 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу облысындағы орталығы. Кейбір мұрағат құжаттарында «Албан көтерілісі» деп аталады. 1916 ж. 25 маусымдағы патша жарлығы көтерілістің шығуына түрткі болды. Қарқара-Жетісу облысының Жаркент уезіне қарайтын жайлау атауы және әйгілі халықаралық жәрмеңке орталығы, 16 болыстан тұратын албан тайпасының 13 болысы Жаркент уезінің қалған үшеуі Верный уезіне қарады. 6 шілде күні 13 болыс өкілдері Ақбейіт тауында жиналып, патша жарлығын орындамауға баталасты. Шілденің 10-ы күні жәрмеңкеден он шақырым Ұ.Саурықовтың ауылында Құрман, Мерке, Шілік, Торайғыр, Сарыторғай, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Бөдеті, Алжан, Айт болыстарының басшылары мен басқа да беделді адамдары майдан жұмысына адам бермейміз деп келісті. Он күн өткеннен кейін казак-орыс жасағын алып келіп, «Ереуілтөбеде» болғандарды түгелге жуық тұтқындап, Қарақол қаласындағы түрмеге қамады. Түрме басшылары ереуілшілердің ақсақалы Мәмбетұлын у беріп өлтірді. Жазалау әрекеттері көтерілісті бірден баса алмады. Қыркүйектің аяғы мен қазанның басында патша жазалаушылары көтерілісшілердің негізгі күштерін талқандады. Олар көтерілісшілермен қоса бейбіт халықты да қырғынға ұшыратты.