Қас батыр, қас сұлу//қаса сұлу т. б. Қас жүйрікте сын болмас, қас сұлуда мін болмас (мақал). Қас сөзі тілімізде кез келген сөзбен тіркесе бермейді. Тек бірен-саран сөзбен тіркеседі де «ерекше», «асқан», «өтежақсы» мағыналарында жұмсалады. Абайда бұл сөз қаса тұлғасында да кездеседі. Қар аппақ, түлкі қызыл, бүркіт қара, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға (Абай).. Бұл сөз араб-иран тілдерінен енген сөз. Парсы, тәжік және кейбір түркі тілдерінде бұл сөз қас, қасы тұлғаларында кездеседі. Парсыша [хасс] — 1) ерекше, арнайы; 2) ерекше қасиетті; [хассе] — 1) әсіресе; ақсүйек, жоғарғы тап; 2) қасиет, сапа. Өзбекше хоса — асыл тұқымды; хоса тулпор — асыл тұқымды арғымақ; тәжікше хоса — 1) ерекше; 2) ерекше қасиеті. Арабша [хас] ерекше, арнайы. (Ш. С.)