ҚОЯН

lat: Qoıan

дәстүрлі балалар ойыны. Осы ойынның атқарылуы үрдісінің сипатын Н. Мелкова Торғай және Орал облыстары қазақтарынан жинаған мәліметтер негізінде жазды. Ойынға жиналған балалар арақашықтығы 20-30 қадамдай жерден үлкен етіп екі шеңбер сызады. Ол балалардың бірінен-біріне қашатын ордасы болып саналады. Сондықтан оны «орда » деп атайды. Одан ары бір бала: « алдат, балдат, солдат, капитан, ортасында Сырттан, сен қал, сен шық » деп әр баланы меңзеп тақпақтай санамаққа көшеді. Сен шық деген бала ортадан шығып «қоян» болады. Осылай санамақ соңғы балаға дейін жалғасып, ең соңында қалған бала «аңшы иті» болады. Бұдан кейін «қоян» болған балалар бір орданың ішіне жиналып тұрады. Ал «ит» балалар тұрған ордаға 1-2 адымдай жерде тұрады. Ойын шарты бойынша «ит» орда ішіндегі «қояндарға» тиюге болмайды, тек екі орда арасында ғана ұстауы керек. Ал орда ішіндегі «қояндар» өз ордасынан қашып шығып, келесі ордаға қарай жүгіреді.                                                                                                                                                                                        Осы кезде «ит» оның бірін ұстап алуға тырысады. Егер біреуін ұстап алса, ол да «ит» болып басқаларын ұстауға көмектеседі. Осылай барлық «қоян» «ит» болғанша ойын жалғаса береді.