Рух

lat: Rýh

(латынша spiritus-дем, иіс)- сөздің кең мағынасында-материалды бастамаға қарағанда идеалдыққа, санаға барабар ұғым: тар мағынасында ойлау ұғымымен деңгейлес. Философиядағы әртүрлі ағымдардың өкілдері тек субъективтік рух бөліп алып, оларды басым деп қарастырғанда субъективтік идеализмге әкеліп соқтырады да, тек объективтік рухты адамнан ажыратып алынған және мистикалық тұрғыдан өзіндік күш ретінде қарастыратын сананы алғашқы деп мойындаушылық объективтік иделизмге ұрындырады. Антикалық философия рухты теориялық қызмет ретінде қарастырды. (мысалы,Аристотель үшін рух қызметтің жоғарғы формасы - ойлау туралы ойлау, теорияға рахаттану болып табылады). Дегенмен рух ақыл ойдан жоғары, тікелей интуитивтік танылатын бастама деп те танылды. (Плотин). Бұндай көзқарас сырттай қарағанда рух- құдай, тек нанымның ғана ісі бола алатын, жаратылыстан жоғары ғажайып мән деп түсінетін діни идеологияға жақын. неміс классикалық философияның өкілдері рухты өзіндік сананың қызметі тұрғысынан қарастырып, оның белсенділігін ерекше атап көрсеткен. Мысалы, Гегель рухты тәжірбиелік және теориялық қызметтің тұтастығы ретінде зердеде әске асатын өзіндік сана мен сананың бірлігі деп түйді. Рух болмысы оның өз іс-әрекеті, бірақ бұл іс-әрекеттің өзін Гегель тек таным ғана деп түсінді. Гегель бойынша өзіндік таным процесінде рух табиғилықтан, сезімнен өтіп, өзін-өзі тануға дейін көтеріледі. Материалистік философия табиғатқа қарағанда рухты екінші деп қарастырады. Антикалық материалистер үшін рух бүкіл денені кернеп тұрған жанның нағыз зерделі бөлігі. 17-18 ғасырлар материалистері (Гоббс, Локк, Ламетри) рухты түйсіктердің комбинациясы ғана, не жалпы сезім, тұтас алғанда - сезімдік танымның бір түрі деп түсіндірді. Диалектикалық материализм руханилықты түйсіктердің қарапайым қосындысына теңгермейді, оны адам қызметінің процестерімен, рухани өмірімен байланыстырады. Руханилық адамдардың материалды, қоғамдық-тарихи практикасының жоғарғы нәтижесі; Энгельстің сөзімен айтқанда, ойшыл рух - материяның "жоғарғы көркі". Қоғамның рухани өмірі - қоғамдық сана - қоғамдық болмыстың бейнесі болып табылады. Сонымен қатар ол қоғамдық болмысқа, адамзаттың практикалық қызметіне өзінің белсенді ықпалын тигізеді.