РАХМЕТ, РАХМАТ, РАҚМЕТ, РАХЫМЕТ, РАХЫМАТ

lat: RAHMET, RAHMAT, RAQMET, RAHYMET, RAHYMAT

(ар. рахмат رحمة)   

1. Мейірімділік, қайырымдылық.

Бар құдай Ишекеме рақмет етсін, Бақ, аруақ руына қайта бітсін! («Исабек ишан». М.Жүсіп, І-том, 2003).

Құдайым ол пендеге қылмас рақмет, Періште айтар екен оған лағынет («Сүлеймен ғалайссалам мәселесі дүр». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).

Алладан рахмат, пендеден дұға тиіп, Ізгілікке басады қылған ісі («Қисса қырық уәзір». Бабалар сөзі. 8-том. 2004. 100 томдық).

“Фи нари жаhаннам халидин фиhа, әбәдан” деген қане, Тәубе қылсаң Құдайым рахмат қылар («Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Аһ, дариға, рахмат ет, қалқам, маған, Неше жыл ғашық болып өлдім саған («Қисса Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы». Бабалар сөзі. 20-том. 2005. 100 томдық).

Қазақ Алланың қосуымен патшаның еткен рахыметі екен деп... пайдаланудың орнына бұрынғы пітінәлер иығына арттырды («Государственная дума һәм қазақ», Айқап, 1911, №5).

Рахыматымен жаратқан сегіз жұмақ, Мыңнан бірін айтамын мен сипатын («Жұмақтың аты, һәм сипаты». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).

Рахмет туы көтерілу жылылық лебі келу, шуақ төгілу.

Сәуірде көтерілер рахмет туы, Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы («Ыбырай Алтынсарин». Бес ғасыр жырлайды. ІІ том. 1984).

Рақмет шашу мейірім-шапағат көрсету.

Зынданға барып Сақи есік ашты, Құдайым Жүсіпке енді рақмет шашты («Жүсіп-Зылиха». Ғашықнаме, 1976).

2. Алғыс, ризашылық.

Оқыған, рахмет айтыңыздар, Аяғын осыменен тамам еттім («Мәлікриан, Рабиғұлмүлік, қыз Жәмила». Бабалар сөзі. 21-том. 2005. 100 томдық).

Біздерге өлең деген оңай нәрсе, Бізге де рақмет айтар һәркім көрсе («Хикаят Сәлімжан». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

“Әдһәмді” болған соң, мұны жаздым, Оқыған жан, Ақылбекке рахмат деңіз («Қисса Дандан». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

Сұрап алған осы еді, Атасына айтты рахматты («Көрұғлының Шағдатқа барғаны». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).