РЕСМИ ТІЛ

lat: RESMI TİL

белгілі бір аумақта (территорияда) таралған және белгілі құқықтық (заңдылық) мәртебесі бар, барынша кең қоғамдық қызмет атқаратын тіл. Ұғымдық мәні бойынша бұл да Мемлекеттік тіл. Алайда құқықтық жағдайына байланысты кейбір елдерде мемлекеттік тілден ерекшеленеді. Мыс., ағылшын және француз тілдері Канадада ресми тіл болып табылады және бірыңғай мәтебеге ие, Канада Парламенті мен Үкіметтік мекемелерде қолданылу жағынан тең дәрежелі, тең құқылы. Қазақстанда орыс тіліне ресми тіл мәртебесі берілмеген, бірақ Қазақстан Республикасындағы тіл туралы (ҚР заңының 11 шілде, 1997 ж.) 5-бабында «Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына орыс тілі қазақ тілі мен ресми түрде тең қолданылады» деп көрсетілген.