РОМАНТИЗМ

lat: ROMANTIZM

(роман деген сөзден шыққан, яғни түпкі мағынасы өмірді кітаптағыдай, ой-қиялмен ұштастырып суреттеу) әдебиеттегі, көркем өнердегі өмірдің жарқын, жағымды жақтарын көбірек алып, көтере суреттейтін көркемдік әдіс. Сондай-ақ осындай әдісті қолданған, қалыптастырған әдеби ағым, әдеби бағыт деген ; мағынада да айтылады. Осы соңғы мағынасында романтизм белгілі бір дәуірмен, сол кездегі әдеби процеспен, нақтылы ақын-жазушылардың творчествосымен байланысты алып қаралады да, нақтылы сипат алады. Ал көркем әдіс ретінде алғанда романтизм әлде қайда кеңінен мағына береді, осы әдістің негізгі принциптерін, бейнелеу тәсілдерін (қиялшылдык, ерекше көңіл аударарлық оқиғалар, сирек кездесетін арманшыл кейіпкер, романтикалық көтеріңкі леп, романтикалық сарын т.б.) белгілі бір тарихи кезеңнің шеңберінде алып, нақтылы бір елдің әдебиетімен, өнерімен шектеп қою дұрыс болмас еді. Романтизм әдісі негізінен алғанда жазба әдебиетінде ғасырда толық қалыптасып, өзінің кемелдік дәрежесіне көтерілгенін айта отырып, осы әдіске тән бейнелеу тәсілдері одан әлдеқайда ерте кездегі сөз өнерінен (ауыз әдебистінен) қылаң беріп, көрініп қалып отыратынын, бұл көркемдік әдістің кейін 20 ғасырда жаңа сипат алып, дамып келе жатқанын, оның негізгі принциптері көркем өнердің табиғатына сай болғандықтан алдағы уақытта да қолданыла беретінін мойындау керек. Әрине романтизмнің әдеби ағым ретіндегі және нақтылы кезеңдегі қоғамдық, мәдени жағдайға, ортаға байланысты қалыптасқан бейнелеу өзгешеліктері, әдіс-тәсілдері сол тарихи дәуірдің тілек-талаптарына сәйкес, философиялық, эстетикалық көз қарастарымен жалғас келеді. Еуропа халықтарының әдебиетінде, орыс әдебиетінде романтизм нақтылы қоғамдық өмір шындығына романтикалық арманмұратты (идеалды) қарама-қарсы қояды. Мұның өзін бір жағынан қиялшылдық, күнделікті күйкі тіршіліктен жоғары тұрған жарқын өмірді аңсау, алға ұмтылу десек, екінші жағынан өз ортасын олқы көріп, өз кезіндегі қоғамдық тәртіпті қабылдамау, оған наразылық білдіру деуге болады. Қоғамдық өмірге сын көзімен қарау орыс әдебиетінде М. Ю. Лермонтов шығармаларына айрықша тән қасиет. Лермонтов творчествосында сол дәуірдегі орыс қоғамының ең озат идеялары жарқын көрініс тапқан. Ал романтизмнің кейбір осал жақтарын, (өткенді аңсау, жаңалықтан безіну т.б.) мысалы, В. А. Жуковский шығармаларынан табуға болады. Романтизм түгелдей алғанда әдебиетке жаңа тақырып, жаңа кейіпкерлер әкелді, сөз өнерін көптеген көркемдік ерекшеліктермен байытты. Азаматтық лириканың тақарыптық, идеялық ауқымын кеңейтіп, романтикалық поэманың, озық үлгілерін туғызды. Романтизмнің құнды, ұтымды жақтары оған ілесе өркендеген реализмге үлкен тірек болды. Алайда романтизмді реалистік әдіске қарсы қойып, оған алыс-жақындығы тұрғысынан қарап бағалау дұрыс болмас еді. Романтизмнің бағалы жақтары, өзіндік артықшылықтары да, сонымен бірге осалдығы өз табиғатынан туындайды. Романтизм мен реализмді екі түрлі көркемдік әдіс деп қарасақ олар бірін-бірі толықтырып, бірінебірі нәр бере алатынын есте сақтаған жөн. Қазақ әдебиетінде романтикалық сарын мысалы М. Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты дастанында айқын көрініс тауып, өте әдемі, әсерлі болып шыққан. Ахметов З.