СӨЙЛЕМНІҢ АЙТЫЛУЫНША АЙЫРЫЛАТЫН ТҮРЛЕРІ

lat: SÓILEMNİŃ AITYLÝYNSHA AIYRYLATYN TÚRLERİ

Қазіргі қазақ тілі синтаксисінде сөйлемнің мұндай түрлерін айтылу мақсатына қарай немесе интонациясына қарай, не модальділігіне қарай түрлері деп таниды. А. Байтұрсынұлы сөйлемнің мұндай түрлерінің төртеуін көрсетеді. Олар: сұраулы сөйлем, лепті сөйлем, тілекті сөйлем, жай сөйлем. Сұраулы жəне лепті сөйлемдердің сипаттамасы қазіргі қазақ тілі синтаксисіндегідей. Ал «жай сөйлем» деп атаған сөйлемі қазіргі терминологиядағы «хабарлы сөйлемнің» баламасы. Мұндағы «тілекті сөйлем» қазіргі синтаксисте бұйрықты сөйлем деп қаралып жүр. Байтұрсынұлының «тілекті сөйлем» деп атауында мағыналық-функционалдық ұстаным бар, яғни іс-əрекетке деген интенцияны тұғыр етіп барып, функционалдық мағына жағынан бұйрық түрдегі, өтініш түрдегі, үгіт (ақыл) түрдегі, жай тілек (мұрат) түрдегі мəн білдіретін сөйлемдерді осы қатарға енгізеді.