1) нəрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері (əдебиет); 2) бір нəрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білу. Ғалым көрнек өнерінің бес түрін (сəулет өнері, сымбат өнері, сүгіреттеп көрсету өнері, əуез өнері, сөз өнері) көрсетіп: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бəрінің қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сəулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай əдемі əн-күй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» дейді. А.Байтұрсынұлы сөз өнері ғылымын екіге бөледі: 1) шығарманың түрінің ғылымы, 2) шығарманың тілінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нəрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді. Ғалым сөз өнері адам санасының үш негізіне: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге тірелетінін айта келіп, əрқайсысының өзіндік ерекшелігін көрсетеді (Ақыл ісі – аңдау яғни нəрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау. Қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нəрселерді белгілі нəрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау. Көңіл ісі – түю, талғау) де: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау» деп қорытады.