СУРЕТ

lat: SÝRET

з а т. 1. Қарындашпен, қауырсынмен, бормен, бояумен салынған бейне. Көру сезімінің күшеюі, ұлғаюы үшін ең пайдалы нәрсе балаға с у р е т салғызу. Сурет салу баланың көру сезімін ұлғайту үстіне әдемілік сезімін де ұлғайтады (М.Жұмабаев, Шығ.). Адам с у р е т і н саламын деп құлағын есектікі, көзін адамдікі, тұмсығын құстікі секілді қылып салса, ол дұрыс сурет емес, балалар қорқатын «құбыжық» болып шығады (М.Дулатов, Шығ.). Жаз келеді, Көктем, қыс, күз келеді, Сұлу бейнең алдыма жүз келеді. Бейне деген ой салған с у р е т қой, Отырғанда өзіңді іздегелі (К.Салықов, Жезкиік). Жылатып я болмаса күлдіретін, Шеберлік көрсетуге құдіретін. Табиғат тастан соғып тастап кеткен, Жартасқа жалғыз сиыр с у р е т і н (С.Мәуленов, Алыс кет.). 2. Бір заттың қағазға не басқа бір нәрсеге түсірілген бейнесі, келбеті. С у р е т і м д і сонда қыл, Құдіреті күшті құдасын. Суретке бер және тіл, Мен екен деп ұнасын (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Бұйырып талайыма татыр мекен, С у р е т і м күле қарап жатыр ма екен. Сан жылдар сарғайтсаң да сақтағаның, Әлі де азын-аулақ қадірлі екем (К.Салықов, Жезкиік). Теңіздің асыл жатса тереңінде, С у р е т т і ң сыры бояу, бедерінде. Көрікті осы қыздың сұлулығы, Мен білсем, алдыменен өнерінде (С.Мәуленов, Алыс кет.). 3. Бейнені, кескінелбетті салу өнері. С у р е т те, мүсін де үнсіз тынып тұр, Булығып тұр, тілдесе алмай тұнық сыр. Өлең ғана Өз білгенін наз етіп, Тірі жанмен тірі кеңес құрып тұр (К.Салықов, Жезкиік). Майлы бояумен салынған с у р е т т е р д і қоятын раманың түсі, ені, бедері мен тереңдігі оған салынатын суреттің түсі мен сипатына сәйкес болғаны жөнаңырақ энцикл.). 4. Фотография, мүсін, скульптурада бейнеленген, түсірілген кескін, кескіндеме. Жиегіне жез бір тастар ұстаған Қайнарға мен жақын едім үш табан. Судан көрсем с у р е т і м д і аумаймын Атасына тартып туған ұстадан (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә). Оқыды бір кітапты хан баласы, Кітаптың с у р е т екен айналасы. Ер Хасен анадайдан көзін салса, Суреттің қыз секілді нышанасы (Ә.Найманбаев, Халықта ән-күйім мен үнім жүрсін. Айтқаны атамыздың рас қой деп, Оқыған ұрпақтарым біліп жүрсін. Сығалай с у р е т і м д і басып алып, Төріне ескерткіш қып іліп жүрсін (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 5. с ө й л. Нәрсенің кескінін оптикалық аппарат арқылы жарық сезгіш материалға түсіріліп алынған фотосурет. 6. а у ы с. Даланың, табиғаттың әсем көрінісі. Таң с у р е т і даланың, Алатаудың, Сенен бойға нұр шабыт ағат алдым. Көкжиектен келеді тағы шығып, Көңілімнің құстарын оятар күн (Т.Молдағалиев, Шақырады.).