lat: SAÝ
с ы н. 1. Дін аман, он екі мүшесі бүтін.
Бұған жаралылармен қатар сау жігіттер де разы болып қалды (М.Ғабдуллин, Сұрапыл.).
Садық соғыстан сау қайтқанында, өмірдің ең таңға жайып қуанышына, бақытына қақы бар еді (I.Есенберлин, Алтын құс).
Құлап түскен бетте өзімді-өзім сынамаққа орнымнан ұшып түрегелдім, сөйтсем, төрт мүшем бірдей сау (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.).
Жолдас болсаң жақсымен
Дұшпаныңды жеңгенің,
Адамдықтың белгісі
Біріңе-бірің сенгенің.
Құлағың, сал жігіттер,
Жарлымын деп мұңайма,
Жеті мүшең сау болса,
Тағдырдың сол да бергені (Базар жырау, Шығ.).
2. Ауру-сырқаусыз, саламатты, денсаулығы жақсы.
Ағын судай екпіндеп,
Лайы жоқ суатым,
Ауру да емес, сау да емес,
Құрыды әл-қуатым (Абай, Тол. жин.).
3. ауыс. Бүтін, зақымданбаған, сынбаған (зат туралы).
Күләйім сары самаурынды сау құлағынан ұстап, тысқа шықты (Ж.Еділбаев, Түркістан).
Бұлар қыстақты түгел аралап, барлық тамның есігін жапты. Бірі құлады, бірі жаңқаланды, әйтеуір сау есік қалмады («Қаз. әдеб.»).
4. ауыс. Ақыл-есі дұрыс, есінен адаспаған.
Мәжнүн боп кетпейді деп сау адам,
Саған мені қимай қойды Хауа-Анам.
Сүйсем бе екен, өліп-өшіп күн-түні,
Сенен артық қыз жасап ап ауадан?! (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
5. ауыс. Мас емес, ішімдіктің әсеріне түспеген.
Сауың түгіл,
Болатұғын мастар таң,
Мені байлап ұстамайды дастарқан.
Теледидар жұрт алдына шық дейді,
Теледидар болса қайтем! Бас тартам! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
Сусамырлар сіміретін сыраны,
Сау тірлікке үйрене алмай жүр әлі.
Енді түнде шөлден кеппей таңдайың,
Енді ертемен бас ауырмай тұрады! (Қ.Мырза- лиев, Мәңгі майдан).
6. ауыс. Тірі, көзі тірі, тіршілік етіп жүрген, өмір сүріп жүрген.
Шөл қылмағай құдайым,
Байтақтың Күзер Суатын,
Әзіреті Дәуіттің Отыз ұлын алғанда,
Көңіліне қайғы-қасірет
Құдіретімен сал-ғанда,
Сонда көрген Сүлейменді,
Сізге де бергей жаратқан
Солардың сабыр, қуатын,
Қосыңды сал сауыңда
Тапсаң жердің беркіне,
Басын қосқан ер азбас
Тапса ердің мәртіне (Базар жырау, Шығ.).
7. Таза, дұрыс, адал, оң.
Адамның ішкі сарайы сау болса, дені таза болса, тамағы тоқ болса, ауру жұқпасқа, жұқса да ауырмасқа сеп болады (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). //
Денсаулығы жақсы, саламатты, ауру-сырқаусыз адам.
Сауларын үйге шығарып жатыр. Ал науқастары әлі емделеді (Ауызекі).
// Дені дұрыс, іс-қылығы жағымды, ойдағыға сай келетін адам.
Саудайы-ай, сауды алмадың ау, сырқауды алып,
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып,
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып (Абай, Тол. жин.).
// Қол-аяғы, он екі мүшесі бүтін адам.
Жатсам, тұрсам ойлайтыным Биғайша болып, ауру мен саудың арасында талай күндерді кештім (Ә.Нұршайықов, Алтын.).