САУСАҚ

lat: SAÝSAQ

з а т. 1. Қол басының алақанға қосылған салалы бес бөлігі. Өз жаулығын өзі айырып, бес саусағын бетіне салып, ақсақ қатын ойбаймен үйді басына көтерді (Б.Майлин, Шығ.). Көзіне қүйылған ащы терді күйелі саусағымен анда-санда бір іліп тастап, Балқия келе жатты (Ә.Әбішев, Замана.). Бір қолда бес, екі қолда он саусақ бар екендігін, ал елуге-елуді қоссаң жүз болатындығын Махмет мүдірмей айтып берді (Ә.Нұршайықов, Батыр.). 2. а н а т. <грек. phalanx> Адамның және омыртқалы жануарларының қол-аяқтарының басындағы шағын түтік тәрізді сүйектерден тұратын салалы сүйектері. Адам қолының қаңқасы саусақтардың күрделі ұсақ сүйектерінен тұрады (Анатомия). 3. с а я т. Қыран құстың тұяқтары орналасқан аяғының басы. - Е-е, аяққабын айтасыз ба? Түлкі деген пәле бұларға осал жау емес. Кейде оларға саусақтарын шайнатып алатын кезі де болады. Сондайда қоруыш болсын дегенім ғой («Қаз. әдеб.»). Қырандардың желбесін құстарды қысып, бауырына басатын саусақтарының ішкі жағын саятшылар «шеңгел», не «алақан», болмаса «табан» дейді («Егемен Қазақстан»).