САУЫТ

lat: SAÝYT

з а т. 1. Әртүрлі зат салып немесе құйып қоятын іші қуыс кішігірім құты ыдыс. Ыбыраш болыс жастыққа шынтақтай түсіп, жанында жатқан күміс сауыттан шылымын алып тартты (Б.Майлин, Шығ.). Содан кейін маған жарты кружка су алдыртты да, оның үстіне әлгі сауыттан толтыра бір сұйық нәрсе құйды (Ә.Сәрсенбаев, Толқында.). Ол шкаф алдында әртүрлі шыны сауыттарды қарастырып жатады (С.Баязитов, Алтын.). 2. Сиясауыт. Бүгін түні болғанда Сары деген қосшыңның Тәңір есін алыпты. Қаламың мен сауытың Қонып шыққан үйіңде Ұмыт болып қалыпты (Кердері Әбубәкір, Қазағым). 3. а н а т. Адам мен жануардың ағзасындағы кейбір ішкі мүшелердің қуыс тәріздес орналасу қабы. Бөтегенің асқазаннан айырмасы - онда сілекей туғызатын без болмайды. Ол - құс баласын ашықтырмай, көп уақытқа ас қорын жинау үшін жасалған ерекше бір с а у ы т Егемен Қазақстан» ). Енді олардың ішкі мүшелеріне келсек, ода саят құстарының өте ұшқыш, кезеген болуымен байланысты аса өзгеше болып біткенін көреміз. Олардың ішкі мүшелерінде көзге ерекше түсетіні - тыныс алатын жолдары (өкпе), қан сауыттары, асқазаны (Ә.Марғұлан, Саят құстары). Қыран құстардың ми сауыты кең және әрқайсының бас сүйегіне қарай милары да салмақты, үлкен келеді Егемен Қазақстан»). 4. а у ы с. Бір нәрсенің шеңбері, аясы. Тарылып жүр тынысым, Түрі мынау саулықтың. Сыймай кетті жұмысым Сауытына тәуліктің (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). Жердің мұз сауыты ғарыштан ұшып келген өте ұсақ бөлшектер - нейтриноны байқауға жәрдемдеседі Зерде»).