САҒАТ

lat: SAǴAT

зат. 1. Тәулік ішіндегі уақытты өлшейтін механикалық құрал.

Аянбай сермеп қанатын,

Ақ кептер ұшты аспанға.

Бұрап бір қойып сағатын,

Аянбай солдат басты алға (2,205).

Бір отырып, бір орнынан тұрады,

Бірде сыртқа, қақпаға ұмтылады.

Қабырғада сағатқа бірде қарап,

Әлденемен әбігер, ынтығады (4,32).

2. Алпыс минутқа тең уақыт өлшемі.

Жыл емес, маған қымбат бір сағатым,

Жабыққан жүрегіме сыр салатын.

Аяулы минуттарым неткен ғажап!

Ұрланып өміріммен бір соғатын (1,81).

Махаббаттың жалғыз жібі жалғайды,

Екеумізде екі түрлі бар қайғы.

Махаббатты ол өзгерте алмайды,

Сағат сайын бірақ ұрлап жалмайды (4,24).

3. Белгілі бір мерзім, уақыт.

Жүріп келем, таңғы сағат төрт кезі,

Қанталап тұр қайсар таңның от көзі.

Жадымда әлі жаздың таңы сол күнгі,

Жалау ма әлде, жалын ба әлде шоқ па өзі?! (1,173).

Ертеңгі сағат жетіде, Әбеннің даусынан оянып кеттім (4,133).