САҒАТ

lat: SAǴAT

(ар. сағат ساعة)   

1. Уақыт өлшемі.

Жөнелді желге мініп жігіт кәріп, Ішінде бір сағаттың жетті барып («Сүлеймен ғалайссалам мәселесі дүр». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).

Бір сағат қастарында тұра алмадым, Шуылдап жылай берді бек қабағат («Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Жалғыз сағат бір сағат.

Көрмесем жалғыз сағат тақатым жоқ, Қайғырып сіз келгенше мен тұрайын («Қисса Сейпілмәлік шаһзада Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).

2. Уақытты көрсететін құрал.

“Батыр аңқау-ер көдек” деген ғой, атты тұсаулап, көпшікті басына қойып, сағатын құлағына қойып жатты («Алпамыс батырдың хикаясы» (Ә.Диваев нұсқасы). Бабалар сөзі. 33-том. 2006. 100 томдық).

3. Мезгіл, уақыт, кез.

Үш қабат айғай салып шақырсаң, Қазір осы сағатта келер, дейді («Әзірет Әлидің соғысы». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).

Сағат заман біршама уақыт.

Жамсыб тұрды ойланып сағат заман , Келді ме, деп, тысқарыдан осы шаян («Шаһмаран». Бабалар сөзі. 2-том. 2004. 100 томдық).

Сағатты күн бір күндік уақыт.

Сыпайы әзіл арқылы сыр тартысып, Сезілместен сағатты күні лезде («Қозы Көрпеш Баян сұлу» (М.Нукин нұсқасы). Бабалар сөзі. 55-том. 2009. 100 томдық).