САҒАТ

lat: SAǴAT

[ар. ] зат. 1. Тәулік ішіндегі уақытты өлшейтін, секунд пен минутты және сағатты есептейтін үш тілі бар, дөңгелек пішінді, қабырғаға іліп қоятын, не қолға тағатын құрал.

Сағаттың шықылдағы емес ермек, һәмшиә өмір өтпек ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді кетті.

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман бай, Тол. жин.).

Бешбет, шалбар сукнодан

Тігінші тіккен ақша алып.

Күміс баулы сағатым

Қойнымда жүр сақталып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Қабырғада сыртылдап тұрған шынжыр баулы сағатқа қарағыштаған Сәнімайдың асығып отырғанын сезді Күлімкөз (Ж.Еділбаев, Түркістан).

2. Алпыс минутке тең уақыт өлшемі.

Жарты сағат болмай-ақ, сол жайлаудағы елге «ертең ерте осы жерге крестъянский начальник келеді» деп мағлұм болды (М.Дулатов, Шығ.).

Міне, бұл көрініс екі сағатқа созылып, тамашаға батамыз деп жиылған желбуаздар кірерге есік, шығарға тесік таппағандай болды (С.Торайғыров, Шығ.). Январьдың 14-і еді. Күн боран. Біз ерте, сағат он бір шамасында Орынбордан шықтық. Бірсыпырадан бері елден шықпағанға маған біртүрлі шаттық һәм тезірек жетуге асығу пайда болды (М.Дулатов, Шығ.).

Алты айшылық Арқаны алты сағатта айналып шығатын болыппыз (Ә.Әбішев, Замана.).

Айтылған сағатта бар аспабымен машиналар да келіп жетті (Ә.Әбішев, Замана.).

Қай сағаттан қай сағатқа дейін жұмыс істейміз? (Ә.Нұршайықов, Ақиқат.).

3. Белгілі бір мерзім, уақыт, сәт.

Талайсыз тағдырына күрсінбелік,

Апыр-ай, ашылмаған бұл сыр не қып?!

...Бұлбұлың мықты болса, бірер сағат

Бозторғай орынына тұрсын көріп (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Біздің бұл кітаптармен пайдаланып тұрғанымыз сол: бұларды сатып, посылка қылып тігіп, почтаға апарып, есеп-қисабын жеке дәптерге жазып, нешелерін жинап машақаттанып, аз да болса өзге жұмыстарымыздан қалатын сағаттар болады (М.Дулатов, Шығ.).

Есеп, теңдік білмейді

Біздің тақтың иесі.

«Құдай үшін» демейді

Жалғыз сағат, о несі?! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

4. п е д. Мектепте, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында шәкірттерге білім берілетін уақыттың 45, 80, 50 минутке тең өлшемі..

п е д. Бір сыныпта белгілі бір пән бойынша оқытылуы тиіс сабақ саны, мөлшері.

Қазақ мұғалімдері тәртіппен оқытқанда мектептің программасы болады. Балалар бөлімге бөлінеді, сабақты сағатқа айырады. Солай оқытқанда қирағат күніне бір сағаттан артық тимейді. Сол бір сағаттың ішінде қирағатты дұрыстап оқытқанда кітаптағы қысқа хикаялар, өлеңдер бір сабақ, ұзындары екі-үш сабаққа бөлініп оқылады, сөздің сыртқы қарасы оқылып (Бұл сөздің қазақшасы пәлен дейтін басқа тіл емес), ішкі мағынасы һәм онан алатын өнеге жабулы қала берсе, кітапты тез оқып шығып, керекті пайдасына жетіспей қалуы сол болады (М.Дулатов, Шығ.).

6. Бір сәт, бір мезет.

Алдағаным жоқ.

Арбағаным жоқ.

Сен сөзіме, сұлу қыз!

Тап сол сағат

Сүйгенім хақ,

Куә мынау көп жұлдыз! (М.Жұмабаев, Шығ.).

Сауылдап құйылды алтын дорбасына,

Қайыршы сағатта бай болмасын ба!

Бір ғана өзі түгіл, әулетімен

Байырлық болды тапқан олжасына (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Ту ұстап, тұлпар мінген, шыққан дөңге,

Бір кезде аға сұлтан мінген шенге.

Жарына жалғыз сағат жолығуға,

Беріпті жандаралға қырық мың теңге (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Ажал сағаты. б е й н. Өлім.

Бақтығұл “қашан шақыру келеді” деп ажал сағатын күткендей жүрегі күпті болып, ала қол, арамза билердің әмірін, кәрін күтті (М.Әуезов, Қараш.). Астрономиялық сағат. астр. Жүрісі дәл және астрономиялық бақылауларда қолданылатын сағат (ҚСЭ).