САБАУ

lat: SABAÝ

Саба етістігінің қимыл атауы. 1. Ұрып-соғу.

Жазықсыз адамды сабау елді жирендірмесе, үлгі болар жайы жоқ (М.Әбдіхалықов, Ленин.).

2. Киіз жасайтын жүнді ұрғылап түту.

Жүн сабау үстінде жастар жарыса қимылдап, оны ойын-күлкіге, әзіл-оспақтарға айналдырып әкетеді (С.Мұқанов, Халық мұрасы).

Киіз жасайтын жүнді ыдырата түтуді сабау дейді. Бұл “ұру” мағынасында қолданылатын сөз. Расында солай: жентектелген, ұйысқан жүнді ыдыратып түту үшін шыбықпен сабайды. Оның аты сабау (С.Мұқанов, Қазақ ауымы). Сабалатын жүннің сапасына орай жүн сабаудың көсіп сабау, есіп сабау, екшеп сабау, көпсітіп сабау, қаржып сабау, қос қолдап сабау, кезек қолдап сабау деп аталатын түрлері бар (Қаз. тілі термин. Тамақ.).