lat: SABA
зат.этн. 1. Жүнін қырып, ысқа салып, жылқы терісінен жасалған, негізінен қымыз ашытатын ыдыс.
Сабаны жасау үшін иленген теріні талдың қабығымен бояйды. Содан соң қажетті сыйымдылық мөлшерінде (шамамен 100 л) төрт бой етіп пішіп, түбін кең, аузын тарлау етіп шуда жіппен тігеді (ҚҰЭ).
Сол минутта-ақ ауылдың адамдары жиналып, Қалампыр бәйбіше сабадан қымыз құя бастап, Сәрсенбай да Жамалға: – Тұр, қарағым, молдекеңе мал әкел! – деп әмір етті. Жамал атасына бір қарап тысқа шығып еді, соңынан кешікпей Сәрсенбай да шығып, Жамалға ақырын сыбырлап айтты: «Анау күнгі жанбасы құрттап жүрген көк қозыны әкел, үйге кіргізерде кескегін алып таста! Ұқтың ба?» – деді (М.Дулатов, Шығ.).
Бұ бір – баланы көп тауып, жалғызынан басқаның бәрі ұзатылып, өліп таусылған, ауыл үйдің жібін иіріп, жабуын, сырмағын сырып, сабасын тігіп... күн көріп отыратын көңілшек тәуір кемпір еді (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істеледі (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).
2. ауыс. Бір нәрсенің жалпы шеңбері, арнасы, көлемі, аясы.
Таулар көп мүлгуден талмаған,
Сайлар көп сабасы толмаған (Д.Қанатбаев, Жетіқарақшы.).
Ырғыз өзені бір өзі алпыстан асатын көлді толтырып, қанатын жайып, сабасын кеңітіп, майса шөбімен, балауса көгімен барып Торғай өзеніне қосылады (А.Тоқмағамбетов, Жазғы жапырақ.).
3. этн. Молшылықтың, ырыстың, байлықтың белгісі.
Саба киелі ыдыс саналған. Ішінде қымызы тұрса да немесе бос болса да оған аяқ тигізбеген (С.Мұқанов, Қазақ қауымы).