lat: SABYL
ет. 1. Әуре-сарсаңға түсу, құр сандалу.
Шарға түсер шағыңа,
Қара тер боп сабылдың.
Аялған жоқ малың да,
Ақ жем болып шабылдың (Жамбыл, Шығ.).
Шалқұйрық құнаныма мініп, Ақшал аулының соңынан салақтап тағы да сабылдым (Ғ.Орманов, Жүрек).
Кісі тасып сабылып,
Ерсілі-қарсылы ағылып,
Автомобиль зулады (И.Байзақов, Таңд. шығ.).
Олар үш күн сабылып, қызды іздеп таба алмай, қалжырап қайтты (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең).
2. Аттың күні-түні мінілуі, ақ көбік болуы.
Аттары сабылған, арбасының артқы дөңгелегінің бірі табақ болған. Сонда да қатты жүріп, пәуескесін қисаңдата барып кірді қораға (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Айтылады өте жиі
Деген сөздер: «қызыл», «ақтар».
Болды атала жұрттың миы,
Сапырылыс... сабылды аттар (Ә.Оңалбаев, Таң алды.).
Сараң басып сар тайым
Сабылды бой алдырып (Ғ.Орманов, Сәт сапары.).
Ел қағынды,
Мал сабылды,
Ұрлық, өтірік гуде-гу (Абай, Тол. жин.).
3. ауыс. Қаптау, қаумалау.
Өзімнен өзім құлшынам
Әрекет, істі сағынып,
Болмайды сәтім тыншыған,
Сәулелі ойлар сабылып (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ.).
4. Ары-бері жүру, сапырылысу.
Кәусарынан достықтың қанып ішіп,
Бір тілектің бойынан табылысып,
Сәл көрмесек сабылып, сағынысып,
Жолығуға асықтық алып-ұшып (М.Шаханов, Ғасырлар.).
Сабылған жылқы. Ақ көбігі шығарыла шауып келген жылқы.