lat: SAILAÝ
зат.қоғ.-саяси. Дауыс беру жолымен басқару ісіне өкіл ету ісі; сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға кандидатураларды таңдау науқаны.
Азаматтардың саясат пен мемлекет басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны болып табылады. Демократиялық қоғамда сайлау мынадай міндет атқарады: мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады; саяси элита мен жетекшілерді іріктейді; үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды, т.б. (ҚҰЭ).
Сайлау һәм бекіту туралы өзгеріс болған соң, лауазым иесі адамдарды жазғыру, сотқа беру турасындағы обласной правлениенің қарауындағы істер крестьянский начальниктердің уездный сиезіне ауысарға керек (А.Байтұрсынұлы, Жаңа низам).
– Мына сайлауға екі ай, көп болса, екі жарым ай қалды. Әділдің өзі жалғыз болғанмен, рулы елі бар, ағайыны бар, әншейінде біздік болғанмен, Әділдің басы шатаққа ілінсе, қаны қызбай тұра ма? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Қазақтың қай бір облысында өткен сайлауда орысша хат білмейтін кісі болыс болмайды деп қазақтың бұрыннан болыс болып жүрген қадірлі кісісін жолдан қалдырды («Қазақ»).
Болыс сайлауы. тар. Бірнеше ауылдан тұратын ірі аймақ басқарушысын дауыс беру жолымен сайлайтын кеңес, жиын өткізу ісі.
Қаратаз да алғашында б о л ы с сайлауына түсуге жүрексініп, басын ала қашты (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер).
Ертең б о л ы с сайлауында аяғың аспаннан келгелі тұр. Саған соны айтқалы келдім, – деп Кәлен шығып кетті (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер).
Сайлау беру. т а р. Дауыс беру.
Сайлаушымен ауыз жаласып, жуандардың салған списігін өткізбей қойған соң, жуандар «ұлы кеуделігін» қылып, «сайлау бермейміз» деп төбелес шығарды (Ж.Аймауытов, Шығ.).
Сайлау заңы.Сайлаудың заңмен белгіленген өткізілу тәртібі, жүйесі.
Сайлау заңына байланысты, 600-ге жуық ұсыныс-пікір түскен («Жас Алаш»).
Палаталардың 20 ақпанға жоспарланып отырған бірлескен отырысында сайлау заңы екінші оқылуда қаралмақ («Жас Алаш»).
Сайлау жүйесі. Мемлекет басшысын, халық өкілдерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің және нәтижесін анықтаудың тәртібі.
Сайлау жүйесі тікелей іріктеуден (азаматтардың тікелей дауыс беруі), сондай-ақ жанама және көпсатылы іріктеуден тұрады.
Сайлау жүйесінде сайлау және сайлану құқығын кімдерге беру, сайлаушылар тізімін жасау тәртібі, үгіт-насихат жүргізу, сайлау компаниясын қаржыландыру, кандидаттарды тіркеу, дауысты есептеу, сайлау нәтижесін анықтау, сайлау нәтижесін шағымдау тәртібі сияқты көптеген мәселе бар (ҚҰЭ).
Сайлау комиссиясы. Сайлауды ұйымдастырып өткізетін алқалы орган.
Сайлау комиссиясының құрамы, өкілеттігі, құрылу тәртібі әр елде әртүрлі. Қазақстанда орталық, аумақтық, округтік, учаскелік комиссиялар біртұтас сайлау комиссиясы жүйесін құрайды (ҚҰЭ).
Сайлау құқығы. Сайлау процесін реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы.
Тар мағынада сайлау құқығы – азаматтың сайлауда дауыс беру (белсенді сайлау құқығы) және байлауға түсу (бәсең сайлау құқығы) мүмкіндігі. Қазақстанның 18-ге толған (ақыл-ойы кеміс және бас бостандығынан айырылғандардан басқа) азаматтарының белсенді сайлау құқығы болады (ҚҰЭ).
Сайлау низамы. т а р. Сайлау ережесі. Осы депутаттардың арасынан тәрәқи партиясы үстіміздегі февральдың 12-інде Государственный думаға бір жоба кіргізді. Ол тілектері сайлау низамын, яғни 3-нші июнь законын өзгертіп, қатардан қалып тұрған Түркістан һәм қазақ облыстарынан депутат кіргізу (М.Дулатов, Шығ.).
Сайлау округі.Сайланбалы өкілдікті органдардың мүшелері сайланатын аумақтық бірлік.
Әрбір сайланатын депутаттардың санына қарай бір мандатты және көп мандатты сайлау округі болып бөлінеді (Қаз. ықшам. энц. сөздігі).
Сайлау ценздері. Сайлаушылар мен сайланушыларға қойылатын талаптар мен шектеулер.
Сайлау ценздері белсенді және бәсең сайлау құқығына, сондай-ақ лауазым түріне орай әртүрлі болады. Көптеген елдерде сайлаушыларға арналған азаматтық пен жас мөлшеріне қатысты ценздер (мысалы, Ресейде 18 жас, Латвияда 21 жас), енді бір елдерде тұрғылықтылық цензі (Канадада парламенттік сайлауға дейін сайлау округінде 12 ай тұру, Францияда 6 ай), сауаттылық цензі (мемлекеттік тілде сөйлей және жаза білу) қойылған (ҚҰЭ).
Сайлау хақы. т а р. Сайлауға қатысу, дауыс беру құқығы.
3-нші июнь законы жалғыз қазақты ғана сайлау хақынан махрум қалдырып тұрған жоқ, қазақ облысындағы жұрттардың бәрін бірдей шетке қағып тұр (М.Дулатов, Шығ.).