САЙТАН

lat: SAITAN

[ар. ] зат. 1. Діни ұғым бойынша, адамзатқа қас жын-пері, шайтан.

Ақанның қыстауынан сайтанның отын көрдік деп жүр (Ш.Хұсайынов, Үкілі Ыбырай).

Жар қанжары маған бал,

Сұқсын сорлы жүрекке.Т

алай асық жаралсын

Жара ағызған қанынан.

Жер жүзіне таралсын,

Жерді жусын қызыл қан.

Сайтан қашып асықтан,

Асыл озып жасықтан,

Бейіс болсын бұл жалған

Жүректен кетіп сасық қан (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Жауын болса бақырып ыққа қашар,

Сырын алдым, жауынға, қысқа нашар.

Болады екен сайтандар жамырауық,

Лақтар да секіріп шөпті шашар ақтыбай ақын, Жел қобыз).

2. ауыс. Оңбаған, жексұрын адам.

Тоқ тіленші адам сайтаны,

Хорекетсіз сопы монтаны (Абай, Тол. жин.).

Қордабай. Ішінен шыққан баласы, Бұл сайтанды қойсайшы! (Базарбай кіреді.) (Ж.Аймауытов, Шығ.).

3. ауыс.Ұшқалақ, жеңілтек кісі, қыз, әйел.

Өзі де еркектен бетер сайтан сияқты қыз екен, деді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

4. ауыс. Адамды азғырушы, кесірін тигізуші.

Әй, қу қатын-ай, Базарбаймен көзқарасың жаман. Шекенді жер соқтырып жүрсің ғой. Өз байынан несі артық, сайтан-ау... Жап-жақсы қатынын тастап, Бұ да бір есі шыққан сорлы (Ж.Аймауытов, Шығ.)

. «Алланың сайтанынан адам сайтаны күшті». Жақсы көрген жары Халиманы жауыз шешесінің тіліне еріп, күйеуі Сағынтай ұрып- соғып, қорлықпен өлтіреді (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Ақ сайтан. миф. Адамға біткен ерекше күш, арқа.

Дүниеде әйелді әйелдің азғырғаны, аздырғаны жаман дер едік. Төмен етекке дегенде небір ақ сайтаны бар жігіттер олардың қасында түкке тұрмайды (Ө.Қанахин, Бақыт.).

Зәуі сайтан. Алда-жалда, кездейсоқ.

Туа сала енесі қырсық қылды,

Шарананың көзіне бір шық тұнды.

Төбе шашым тік тұрды,

Тітіркеніп,

Зәуі сайтан жанымды түршіктірді (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Кәрі сайтан. Сүйекке сіңген дағдылы әдет.

Кәрімнің оғаш мінезін көргенімде кәрі сайтаным ұстап, байланыса кеттім (Ауызекі).

Мойнына сайтан мінген. Өн бойын сайтан билеп, жын жайлаған, қулық-сұмдық жолына түскен.

Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,

Мойнына әбден алған сайтан мініп.

Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды,

Соған ыза боласың іштен тынып (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Сайтан билеген. Бойына жын ұялаған.

Десем де бәрі кетті тілімді алмай,

Ағайын айтқаныма құлақ салмай.

Сайтан билеп кеткен соң амалым не,

Қайтейін жапанда өзім жалғыз қалмай? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Сайтанға беттен сүйгізді. Бойын сайтан биледі, жыны қозды.

Ешкімге зиян тигізбей, Кәріптің көңілін күйгізбей,

Сайтанға беттен сүйгізбей,

Жүрегіңді нұрмен жу (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Сайтанға мойнын иген.Бойын сайтан билеген, жын-пері ұялаған.

Сайтанға иген мойынын,

Қулыққа толған қойынын,

Көп жындының ойынын,

Қылсам-ау сөйтіп тамаша! (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).