САЙЫС

lat: SAIYS

ет. 1. Тартысу, таласу, қырқысу.

Қажытпайды тірліктің қай ұсағы!

Білімдар мен зұлымдар сайысады.

Қабырғаңа қарыздар батса бұрын,

Қазір енді парыздан майысады! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

Шұп-шұбар киінген сансыз сайқымазақтар секіріп, балуандар күресіп, ойыншылар да денелерінде бір тал сүйек жоқ сықылды иіліп, майысып, арқанда ойнап, батырлар адам өлтіруге бәсекелесіп, найзаменен сайысып, біреулерін қызыл, біреулерін жасыл түске бояп, біреулерін қорқынышты, біреулерін мазақ қылып, пілдерді шығарып, халық мәз-мейрам болып жатыр (М.Жұмабаев, Шығ.). Түріктердің шапқыншылығы кезінде күнімен сайысқан қала жеңіліп, түк қалмай өртенуге айналады (I.Омаров, Шабыт.).

2. Айтысу, сөз жарыстыру.

Тәуекелмен батыр ой

Өткір тілді найза етіп.

Сайысып-ақ бақты ғой,

Неше түрлі айла етіп (Абай, Тол. жин.).