lat: SALA
зат. 1. Сайдың ашасы, өзен ортасының тарауы.
Аулың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына (М.Жұмабаев, Шығ.).
Ең болмаса емін-еркін кезейін,
Есіл, Нұра, Еділ, Жайық саласын.
Бой көтеріп жүріп сайран етейін
Орал, Алтай, Тянь-Шань тауы арасын (М.Дулатов, Шығ.).
Балаусалы, балғынды
Баяғыдай салаң жоқ;
Кең қоныс, еркін өрісті
Баяғыдай далаң жоқ (Дулат Бабатайұлы, Замана.).
2. Ғылым, өнер, әдебиет, мәдениеттің, қоғамның бір арнасы, бөлік, тармағы.
Әдебиеттің бір саласы болған театр кітабынан бұрын біз әуелі әдебиетіміздің не күйде екенін ескеріп өтелік (М.Дулатов, Шығ.).
Осы тұрғыдан алып қарағанда, халық шаруашылығының жеке салаларында әдеби тілді байыта түсетін кәсіби сөздерді жиып-терумен қатар оны ғылыми негізде талдау тіл білімпаздарының төл ісінің бірі болмақ (Қ.Айтазин, Кәсіби лексика.).
Бұл бағдарламаға байланысты қабылданған 20-дан астам заңдарды іске асырудың нәтижесінде АҚШ-та күні бүгін барлық сала бойынша үлкенді-кішілі он мыңнан астам кәсіпорындарда еңбеккерлердің меншігі айтарлықтай көлемде пайда болып, ол кәсіпорындардың талайы еңбеккерлердің меншігіне айналып, бұл елдің жұмыс күшінің он пайызға жуығы – 8,5 млн. адам осы кәсіпорындарда еңбек етуде («Егемен Қазақстан»).
3. Белгілі бір өнеркәсіптің, шаруашылықтың, өндірістің және т.б. жеке бөлігі, тармағы.
Қазақ халқының ертеден мән берген бір аңкөстік саласы – қырандар тобын басты, ең күрделі саласы деуге болады (Ж.Бабалық, Қыран.).
4. Жан-жақ, төрт тарап.
Қаһарыңды басқалы,
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді.
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы,
Бір Тәңірге сиынды (Жиембет жырау).
5. Ірірек ағын суға немесе көлге құятын ағын су (Қаз. тілі термин. Су.).
Өндірілетін өнімнің (орындалатын жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) экономикалық мақсатының бірлігіне, өнделетін шикізаттың біртектілігіне, техникалық база мен технологиялық процестердің ортақтығына, кадрлардың құрамы мен еңбек жағдайының ерекшеліктеріне қарай сипатталатын кәсіпорындардың жиынтығы халық шаруашылығы саласы шеңберінде тиісті саланы құрайды (Қаз. тілі термин. Экономика.).
Қолдың саласындай. Біркелкі, әп-әдемі.
Қолдың саласындай тізілген уықтарға, жартылай ашылған шаңыраққа қарап күліп жіберді (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті).
Қолдың саласындай тарамданған арықтардың біреуі бара-бара ұлғайып, кемері жарлауланып, сонау белестің арғы ылдиына түскенде, шұңғыл астаудай қарауытқан сай боды (Б.Майлин, Шығ.).