САЛМАҚ

lat: SALMAQ

зат. 1. Заттың, нәрсенің ауырлығы.

Баязитті маған кісендеп алып келгенде, Баязит кісеннің салмағына шыдай алмай тұрғанда, осылай деп едім мен оған (М.Жұмабаев, Шығ.).

Иығымды ауыр салмақ басып барады (С.Адамбеков, Атылған қыз.).

Тал жібектей оралып,

Гүл шыбықтай бұралып.

Салмағыңнан жаншылып,

Қалсын құмар бір қанып (Абай, Тол. жин.).

2. <лат. netto> Өлшенген заттың, нәрсенің көлемі, ауырлығы, күші.

Сондықтан табиғатта кездесетін шамалардың бәрі, мысалы, температура, салмақ , ұзындық, аудан, көлем тағы сол сияқтылар бір мәнде тұрмай, жағдайға қарай өзгеріп отыратын құбылма шамалар (А.Ермеков, Ұлы математика.). Адамның салмағы дене дамуы мен денсаулығының негізгі көрсеткіші (ҚСЭ).

Қаяз деген балықтың еті дәмді, әрі майлы болады. Орташа салмағы 5-6 кг, ұзындығы 25-65 см, ал үлкені бір метрден астам болады да, салмағы 20-22 кг-ға дейін барады (Қ.Айтазин, Кәсіби лексика).

3. ауыс. Ауыртпалық, қиыншылық.

Көп ғажап бұл сипатта қатып қалмақ,

Болса да сізге жеңіл, бізге салмақ.

Біз дағы бөтен емес балаң едік,

Әке едің болсаң да өгей, емес қалмақ (Ақмолла ақын, Күндер.).

Жүректе бір ыстық салмақ қана қалды. Е, «кеңес» не болар?.. Өшер ме осымен, өсер ме? (Ғ.Мүсірепов, Шығ.).

Басса да қасірет салмағы,

Өшпепті әкемнің арманы

Ол бұл костюмді кигенмен,

Амал не, тоздыра алмады (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Қара тастай ауыр сұрақ екен бұл,

Нар тәуекел,салмағын мен көтердім.

Қанды жылдар қалып қойған жырақта

Қандай зарлы естіледі құлаққа (М.Шаханов, Ғасырлар.).

4. ауыс. Бедел, орын.

Қаламда лаухұлмахбуз ұмытқан ба?

Жазбапты бұл орынды көрмесіме.

Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,

Лаж жоқ жел айдаса ермесіңе (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Аянып көрген емен сол барымды,

Және аяп көрген жоқпын қолдағымды.

Білемін бүгінгі емес, ертеңгілер

Өлшейді мына менің салмағымды (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Басып бара жатты сенің еңсеңді

Менің адал сезімімнің салмағы.

Кері қайттым өзіме-өзім өкпелеп,

Ол өкпені ұмытуға от керек (М.Шаханов, Ғасырлар.).

5. ауыс. Сабыр, ұстамдылық, байып.

Керімбалада саналы қайрат бар, ұстамды, сырлы салмақ бар (М.Әуезов, Шығ.).

Қасың менен досыңды

Қарасынан танисың.

Шебер болар қызыңды

Бармағынан танисың.

Асыл менен жасықты

Салмағынан танисың (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

6. ауыс. Артылған жүк, міндет.

Қалай жүрем асықпай, білесің бе,

Маған сенген елімнің салмағы көп.

Мен асығам атқан таң арайына,

Ерте тұрсам, ем табам талайыма.

Жақсы өлең наз айтса, жабырқанам

Жарасқандай ақ күміс самайыма (К.Салықов, Жезкиік).

Мықтымын ғой дегенмен,

Қорғасындай бір салмақ кетер емес денемнен.

Басады кеп төбемнен (М.Мақатаев, Шығ.).

7.ауыс. Мұң-шер, қайғы.

Жаңарған болат жолдарға дейін

Басталып құйттай қармақтан,

Күн балдақ заңғар залдарға дейін

Мұнарасына қар қатқан

Жаралған менің жүрегімдегі салмақтан!.. (Т.Айбергенов, Мен саған.).