lat: SAN
зат. 1. Белгілі бір заттың, құбылыстың есеп мөлшері.
Шаңырақ таңбалары күлдіреуішінің санына қарай әртүрлі белгілерін білдіреді (Қ.Айтазин, Кәсіби лексика).
Екі көзін, анау бір екі алмаң да от,
Сәулем, сенен еш жаққа кете алғам жоқ.
Айдың нұрын сімірдім өз қасында
Жұлдыздардың санына жете алғам жоқ (Т.Молдағалиев, Шақырады.).
2. мат. Математиканың негізгі ұғымдарының бірі.
Қарапайым түрде алғашқы қоғамдарда-ақ пайда болған, кейін бірте-бірте қолданыс аясы кеңейіп әрі жалпыланады. Кейбір заттарды санауға байланысты бүтін оң (натурал) сандар ұғымы,кейінен сандардың натурал қатарының (1, 2, 3,4, ...) шексіздігі туралы идея пайда болды (ҚҰЭ).
3. Есеп мөлшерінің таңбалау, жазу белгісі.
Қоғамдық жұмысқа да бейімделеді, сөйтіп бастауыш мектептегі сан жүйесі шама тілі бұрынғыдай тұрмыстан, шаруадан сыртқары оқушыны жалықтыратын жансыз құр сүлде болмай,басқа ғылымдармен сабақтасып, комплекс жолына түседі (М.Дулатов, Шығ.).
4. көне.Мың деген мағынада.
Баһшатты Кейқысырау келіп көрді, ізіне ерлерді ертіп бірнеше сан (Рүстем-Дастан).
Тоқсан сан осы күнде қой айдайды,
Ерекшелеп айтамын Ордабайды (Айтыс).
5.ауыс. Газет-журналдың нөмірі.
Қай санына шықты (Ауызекі).
// Өте көп, қыруар.
Бағаласам, адамның бәрі арманда,
Санай берсем,табылар сан арман да.
Өзі білмес, білгеннің тілін алмас,
Анық ойлап қарасам, әне, армаңда (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Ақан қолында Құлагер Арқаның талай зор астарында азумен құс тістеген сан жүйріктерден озып жүреді (М.Жұмабаев, Шығ.).
Ақтентегін атса, батпас таңдай деп,
Айналсоқтап көріп жүрген сан бейнет,
Нән кещені, түсіп сол сәт
Нән жіктен,Әзірейін алқымынан алды-ай кеп (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
6. ауыс. Түгелін, бәрін деген мағынада жиынтық атау ретінде қолданылады.
Көрсетті қоржынынан алып бәрін,
Бір-бірлеп шығарысты барлық санын.
Келісіп азды-көпті бағасынан.
«Үйден ал, бар ақшаңды, –деді, – жаным» (О.Шипин, Дастан.).
7. ауыс.Талай рет, бірнеше мәрте.
Ат төбеліндей аз депутаттардың мұндай жақсы тілектері жалғыз бұл емес, мұнан бұрын да сан болған (М.Дулатов, Шығ.).
Сан бұзылып дыбыс пен ұйқы түнде,
Сырын түйіп құпия сиқыр үнге,
Тауды, тасты, даланы елжіретіп,
Сөйледі ол күмбірлеп күй тілінде (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Сан айналып сұңқылдап ұшты дағы,
Сапар жолға мезгілсіз түсті дағы,
Бетін түзеп,батысқа бағыт алып,
Қарғыс атқан мекеннен кетті бәрі (М.Мақатаев, Шығ.).
8. ауыс.Қатары, санаты.
Өзіме жол боп сайрап жатыр үлгім,
Шапанын шал-шауқанның атып ұрдым.
Жастың да, кәрінің де санында жоқ,
Бақыттан қашып жүрген батырыңмын (Т.Молдағалиев,Шақырады.).
9. ауыс. Неше түрлі, сан алуан.
Сан құстар сая тауып оябыңнан,
Ор құмдар көрінбейді ор қояныңнан.
Сәулесін кемпірқосақкөрем жазда
Қырғауыл қанатының бояуынан (С.Мәуленов, Алыс кет.).
Қонысына қона алмай,
Шаруалары оңалмай,
Бай мен кедей аңдысып,
Арасынан жем тауып,
Араласқан сан пысық
Дөң асқан мал табылмай,
Ашылған етек жабылмай,
Біріне-бірі сеніспей,
Бет-бетімен ел кетті (Дулат Бабатайұлы, Замана.).