САН

lat: SAN /56/

зат. 1. Белгілі бір заттың есеп мөлшері.


Екі деген жаман ба, әже?

Санның алды бір мен екі емес пе? (4,241).


Өткен жылдың поэзиясы сан жағынан да, сапа жағынан да бір адым ілгерілемесе, кейін кеткен жоқ (4,282).


2. мат. Математика ғылымындағы негізгі ұғымдардың бірі.


Аттанасың аяқтамай арманды,

(Рас екен, жалған десе, жалған-ды!)

Қыз жанарын оқулыққа аударды,

Шешпек болып көп белгісіз сандарды (2,372).


3. Көп д.м.


Ойлар... Ойлар, сан ойлар

Ойды қуып, күндер өтті, түн де өтті.

Ұлы еңбектің бітуіне талай бар.

Бітіруге міндетті (1,108).


Сан жылдар өтіпті-ау, сан жылдар,

(Сабыр ет, оқушым, сан жыр бар).

Ильичтің басынан алмасқан,

Аумалы-төкпелі тағдыр бар (1,120).


4. Бірнеше, әлденеше.


Өлшейді, әділдік таппайды.

Санасы сан жаққа аттайды.

Бір сәтке өзегін күйдіріп,

Жаншақ болады жат қайғы (1,115).


Сандалғаны-ай санамның сан бөлініп,

Тамырымда тулайды қан желігіп.

Бара жатыр көлшіктер көлге айналып,

Бара жатыр төбелер тау көрініп (2,164).