САНА

lat: SANA

зат. 1. Объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің адамға ғана тән ең жоғары формасы.

Сана әлеуметтік тіршілік иесі ретіндегі адамның рухани белсенділігініңең жоғары деңгейі. Бұл белсенділікке тән ерекшелік шындық болмысты сезімдік және ойша бейнелер нысанында бейнелеу адамның практикалық іс-әрекетінен бұрын болады және осы іс-әрекетке мақсатқа лайықтылық сипат береді (Қаз. тілі термин. Педагогика.).

Сана адамның өз болмысы мен қоршаған ортаның мән-жайын, мазмұнын, ұғымын білуге белсенді қызмет атқаратын психологиялық процестердің(түйсіну, сезіну, қабылдау, ойлау, т.б.) заңды нәтижесі болып табылады (ҚҰЭ).

Кісі адамды ала көрмесе, ісі санамен алға өрлесе,

Бірігіп бастары.

Тамақ, керегін жерден іздесе,

Қалап, еңбекті ғана көздесе,

Болмайды қастары (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2.ауыс. Білім, парасат.

Қарасаңдар қаншама

Жер мен көктің арасы.

Өткен күнді болжатқан

Ғалымдардың санасы (Базар жырау, Жыр.).

3. ауыс.Ой-өріс, ақыл-ес

Жарықсыз етер жақсыны көрместің күні,

Хан тағына көңілін берместің мұңы

Қазанғап күйі сананың қайрағы емес пе?

Қайраққа қылыш өтпейді өлместің бірі! (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Сезімнің ұсағын

Санамен тұсадым.

Жақсының ішіне

Жиналар құса-мұң (Қ.Мырзалиев, Мәңгімайдан)

.Байбайшыл тартып, баға жоқ,

Жастарға жаппас жала жоқ,

Жат қораны күзеткен

Қартаң шалда сана жоқ (Абай, Тол. жин.).

4. псих. Сезім мен ой бейнелерінің жиынтығы.

5. Ғылым, білім, оқыған-тоқығаны.

Естідім осы аңызды бала шағым,

Кезімде ой аласа, сана шағын,

Көз қиып Аханды ату неткен сұмдық

Қазақтың атқаны ол болашағын (Ғ.Қайырбеков,Көнсадақ).

Әуезовтен алған сабақ санадағы нұр сәулем,

Жолдас болам іздеп барып ғылымдағы бір саумен,

Ғаламдағы барлық ақын жанын қиған ел үшін,

Күн кешеді арманменен жақсылықты аңсаумен (Т.Молдағалиев,Шақырады.).

6. Ойлау, қызмет.

Сарғайдым санаменен шал ақындай,

Әнімді әлдиледі дала тынбай,

Сұрықсыз күндер кештім кейінгі кез

Суық қыс құшағына алатындай (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

7. ауыс. Ес,ой, қапер.

Патшаның солай түскен санасына.

Жиналған неше түрлі қаласына.

«Жіберем уәзірді июнь айда,

Дауласқан билік айтар арасына» (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Берген соң, хаттың сөзін оқып көріп,

Сыр кірді падишаның санасына.

Патша қуанғаннан той жасапты,

Халықтың хабар салып арасына.

Осындай желмаялар тауып алып,

Патша жүрмек болды баласына (Ә.Найманбаев, Шығ.).