lat: SANSYZ
сын. Есепсіз, есебі жоқ, өте көп.
Қарасу Өзенге айтты:
«Ғажап мұның! Мезгілің бар ма, сірә, табар тыным?
Тасисың бірде кеме,бірде салдар,
Қайықтың есебі жоқ сансыз мыңын (А.Байтұрсынов, Шығ.).
Дүниеде сансыз заттарды, толып жатқан көріністерді адам өзі сынап, өзі бақылап бітіре алмайды(М.Жұмабаев, Шығ.).
Күнде керуен келеді бір сарайға,
Неше бөлек үйі бар әрбір жайда.
Сансыз көп саудагерлер келіп жатыр,
Біреу жылда қайтады, біреу айда (Ш.Құдайбердиев,Шығ.).
Алыста жатыр ауылым,
Ағайыннан жоқ хабар,
Бар еді сансыз бауырым,
Не жазып едім жат болар? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ.).
//Талай, әлденеше рет.
Жақсы айғырдың үйірін
Саяқ ат сансыз жақтайды.
Үлгіні бұзған орынсыз
Жол көміп пайда таппайды (Базаржырау, Шығ.).
Жаңбырына жалынсаң да көктемнің,
Жуа алмайсың, жуылмайды өткен күн,
Шайқап сансыз жүрегіңнің тұнығын
Шаттығыңды ала қашып ұры күн,
Бақыт оңай сипатпайды бұрымын
Өткен шақтың бір қатесін түзеуге
Аздық етер кейде бүкіл ғұмырың(М.Шаханов, Ғасырлар.).
«Сенің арың – маған ар»,
– Деп сыр шертті маған сансыз ағалар.
Мен нәпсімді қалғам сонда-ақ тұсаулап,
Көзім тұрды ырзалықтан жасаурап (Т.Айбергенов,Мен саған.).
2. Өте ұзақ, уақытқа, мезгіл-мерзімге қатысты.
Сансыз күндер ой астына көмілдім,
Қор болып ем көңілін таппай көңілдің.
Жаспен жасып, оймен азып-тозып ем,
Өліп едім, бүгін тағы тірілдім (М.Жұмабаев, Шығ.)
.Мынау ту кімнің туы?
– Әйел туы!
Енді әйел азат ұшқан көлдің қуы.
Улаған жанымызды сансыз жылдар
Жойылды бүгінгі күн қасірет уы (М.Жұмабаев, Шығ.).
Қияда күтіп сені сансыз заман.
Ел үшін еңіреп туған жолбарысым,
Білемін жүрегіңде бар бір жараң,
Сені улаған қазақтың қайғысы ғой,
Дәриға, қазағыңның күні қараң (М.Жұмабаев, Шығ.).
3. ауыс. Шексіз,абстрактілі (дерексіз) ұғымдарға қатысты.
Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда,хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып,қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім (М.Жұмабаев, Шығ.).
Мойныңды бұр,балақай,
Маған қара, нәресте.
Не тілесең менде бар
Сансыз қызық көп нәсте! (М.Жұмабаев,Шығ.).
Ойылы ма, бұл маңның Ырғызы ма,
Бәрі дағы бергісіз қырмызыға.
Бір пенде де бас имей өте алмайды
Жерде жанған Шығанақ жұлдызына,
Сансыз сәлем, Ақтөбе, ұл-қызыңа! (М.Мақатаев, Шығ.).
4. Есепсіз көп, қыруар,есебіне жетуге болмайтын, шамадан тыс.
Адамды санай берсең, көп арманда,
«Мінсіз бақ,сансыз дәулет» деп арманда.
Жанның бәрін жалмайтын күш те керек,
Айлакеске алдайтын еп арманда (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Достыңыз зор, дұспаның қор,
Бар тілекке жетсеңіз.
Сансыз бақыт, алтын тақыт,
Барша жаннан өтсеңіз (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Өмір сансыз сауалын тартыпты алға
Кездерім бар өзімді қор тұтқан да,
Мүмкіндігім жоқ сәтте мұңға батам
Үнсіз қалып отырам сондықтан да (М.Шаханов,Ғасырлар.).
5. Самсаған, жапырлаған; санауға келмейтін өте көп мөлшерге қатысты.
Көктің сансыз көздері,
Алдамаңдар ойнақтап!
Шақырғанмен бара алман,
Бұлт, тез шық та, бетін жап! (М.Жұмабаев, Шығ.).
Жарқ-жүрқ сансыз көзі бар,
Бейне жынның ұясы,
Ың-жың, у-шу сөзі бар,
Түсірмес жарық қиясы (М.Жұмабаев, Шығ.).
Ақ көбік көпіреді күміс судан,
Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған.
Көл басы кейде тыныш, кейде у-шу
Әңгіме сансыз түрлі ертек туған (С.Сейфуллин, Шығ.).
«Отырарда отыз бап,
Түркістанда түмен бап,
Самарқанда сансыз бап»,
Бет алып көшіп барады.
Барлық малын айдады,
Түйеге туын байлады (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
Нұрланған шамшырақтың сәулесімен
Таңырқап таудан келді құлан, киік.
Қасында сайран еткен сансыз әскер,
Патша да келді дереу хабар тиіп (О.Шораяқов, Шайыр.).
Алда қазақ даласы
Сансыз малы шулаған.
Артта Арал жағасы
Ақ сазаны тулаған (Т.Айбергенов, Мен саған.).