lat: SAQTAN
ет. 1. Сақ, қырағы, абай болу, қорғану.
Екеуі сол баланы қылады ермек,
Кезек ұйықтап, сақтанып жүрді сергек.
Қыз ояу, Кебек ұйықтап жатыр еді,
Қозыкүрең кісінеп қағады елек (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Жігіттер, сақтаныңыз жаман достан,
Досыңның жаманынан артық дұшпан.
Өштескен жаудан адам сақтанады,
Тиеді «достың” оғы қапылыстан (Шал ақын, Өлеңд.).
Бар қылды жаратты да мені жоқтан,
Жоқ етер Алла тағы бар қылмақтан.
Тәуба қыл, шәк келтіріп, желін қумай,
Тұрғанда өзің алмай оттан сақтан (А.Йүгінеки, Ақиқат сыйы).
2. Аулақ жүру, бойын аулақ салу, қашу.
Надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын... осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек (Абай, Тол. жин.).
Алыстан алаш десе, аттанамын,
Қазақты қазақ десе, мақтанамын.
Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын? (М.Дулатов, Шығ.).
Тойдан тоймай қайттық деп кінә таққан,
Көзге айта алмай құлақты шуылдатқан.
Ниеті адал адамға жала жабар,
Ауыл кезгіш өсекшіл, қудан сақтан (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).
3.ауыс. Сенбей, күдікпен қарау.
Айнытпастан таныған ақ-қараны,
Осы бір жан өзіміздей боп барады.
Неден секем алды екен,сақтанады?!
Көңіліне көлеңке түсірді ме,
Көбік езу біреудің даттағаны?! (М.Мақатаев, Шығ.).