СЕЛДІР

lat: SELDİR

с ы н. 1. Қалың, тығыз емес, сирек. Абайдың с е л д і р сұлу сақалы мен мұртына енді сәл ғана ақ араласқан (М.Әуезов, Абай жолы). Өңі ескіргенмен қойшының с е л д і р шоқша сақалы, бытыранды түкті мұрты әлі күнге қапқара (Ж.Аймауытов, Шығ.). 2. Тығыз емес, жұқа. Ал күншығыс жақ терезедегі перде жұқа, с е л д і р. С е л д і р пердеден сырт көрініп тұратын еді (С.Сейфуллин, Шығ.). Қазақ адам денесін өлгеннен кейін өлшейді. Ақыреті құрғырдың ақ с е л д і р бөзі табыла бермейді де, азды жеткізем деп қымқыра өлшейді (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан). Сипалап с е л д і р шашымды, Мазалап түрлі сұрақпен. Қойнына тығып басымды, Құшақтап жатқан сияқты ем (C.Жиенбаев, Алтын қалам). 3. Азғантай, ат төбеліндей. Ұзақ Ақбейіттегі жиыннан қайтып Таңбалы тастағы өз аулына таман келгенде, маңындағы көпшілік жан-жаққа, ауыл-аулына бытырап тарап кетіп, қасында с е л д і р ғана топ қалып еді (М.Әуезов, Қилы заман).