қазақ елінің тарихында ерекше орны бар рухани-мəдени орталықтардың бірі. Қазақ еліндегі мұхитқа құятын жалғыз өзен Ертістің қос жағалауында жайыла орналасқан. Сондай-ақ əлемдегі өзенде орналасқан аралдардың ең үлкені – Түйемойнақ та қаланың ең көрнекті бөлігі. Семей қаласының мың жылдық тарихы бар. Түркі дəуірінен келе жатқан топоним Семейтау қалаға жақын көлбеу жатқан таудың аты. Осы қазіргі Семей қаласынан алыс емес. «Семей» сөзі көне түркі тілінде «қасиетті, киелі мекен» деген мағынаны білдіреді.
Көне Семей Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің астанасы. Арабтың саяхатшығалымы əл-Идриси, итальян жиһангері П. Карпини, кейіннен орыс ғалымы Г. Миллер, қазақ ғалымы Ш. Уəлиханов тағы басқалардың еңбектерінде Ертіс жағасындағы көне қалалар туралы жазба деректер қалдырғаны тарихтан белгілі. Зерттеуші Асан Омаров өзінің «Қазақия» атты еңбегінде көптеген тарихи деректерге сүйене отырып, Семей қаласының көне дəуірден бүгінгі күнге дейінгі хроникасын жасап шыққан. Семейдің ежелгі заманнан қазақтың атажұрты екені Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында анық аталып берілген: «Семейдің тұрған жері ерте заманнан ежелгі тайпаларға тұрақ болған. Олардың ең ескісі қола дəуіріне жатады. Одан кейінгі дəуірлерде бұл арада ежелгі ғұндар, Түрік қағандығы, Қыпшақ, Керей, Найман ұлыстарының тіршілік еткені анықталды» (ҚҰЭ, 7-654).
Он жетінші ғасырда Ресей Империясы ескі қала Семейдің орнынан төмендеу Ертістің сағасына бекініс сала бастайды. Бүгінде ол «Ескі қорған» деген атпен белгілі шағын елді мекен. Қазіргі Семейге жақын Бесқарағай ауданына қарайды. Оны жылда су шайып кете берген соң, бекіністі ескі қала Семейдің орнына көшірген. Содан түркінің ескі қаласындағы тас мешіттерді қиратып соның қасиетті тасынан салған бекіністі «Семипалатинск» деп атаған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2007 жылғы Жарлығымен «Семипалатинск» деген жапсырма алынып тасталып, қаланың тарихи негізді Семей атауымен ғана айтылуы керектігі өз шешімін тапты.
Қазақ танымындағы «Ахау Семей, Тіл мен көмей» деген тіркес қаланың өнердің ордасы екенінен хабар береді. Семей өңірі кейінгі батырлық заманда «Дарабоз» атанған Қаракерей Қабанбай батырдың, наразылық жылдары Дулат Бабатайұлының есімімен де тікелей байланысты. Семей қаласы бертінде қазақ əдебиетінің үш алыбы Абай, Шəкəрім, Мұхтардың өмірі мен шығармашылығына тікелей байланысты қабылданатын болды.
Семей ХХ ғасыр басында – Алаш Автономиясының астанасы болды. Семейдің сол жағалауы Алашорда үкіметі қызметін бастаған уақытта ресми түрде Алаш қаласы атанды. «Алаш» сөзі – түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді.
Бүгінде Семей – Қазақ Елінің рухани-мəдени орталықтарының бірі. Мұнда Қазақтың Абай атындағы сазды-драмалық жəне Ф.М. Достоевский атындағы орыс драмалық театрлары бар. Абай жəне Ф.М. Достоевский мұражайлары, Өлкетану музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, Абай кітапханасы бар.