СЕНІМ

lat: SENİM

з а т. 1. Бір нәрсеге, біреуге көзі жетіп иланушылық сезімі, жеке адамдар арасындағы не жеке адамдар мен қоғам арасындағы, қатынастың сапалық өлшемі; наным. Бұл шақта сен болып бейне нар киік, Зымырайсың самайларға қар құйып. Мендік с е н і м, бірақ сенен қуатты-ақ, Айшылықты ағып өтер бір аттап (Т.Айбергенов, Мен саған.). Тісін қайрап көп дұшпанға Көз қадады кекке толы. Серіктері оққа ұшқанда, С е н і м тастап кетпеді оны (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 2. Күткен үміт, ықылас, ниет. Абай ендігі сырына Ерболды ерекше с е н і м м е н тартты (М.Әуезов, Тол. жин.). Етіңнен ет кессе де елің үшін, Еліңнің ерлігі мен с е н і м і үшін, Құрбандық қозысы бол, ренжіме, Елдігін ел де аямас сенің үшін (А.Тоқмағамбетов, Шығ.). Сайраңдап араладым Отан жерін, Кавказ бен Қара теңіз, Каспий көлін, Ат жетпес алыс жер мен елді көріп, Жүрекке нұр құйылды үлкен с е н і м (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 3. д і н и. Діндегі басты дүниетанымдық ұстаным; Құдайдың барлығына және жалғыз екендігіне сену.≈С е н і м і күшті.