СЕНІМ

lat: SENİM

зат. 1. Жеке адамдар арасындағы не жеке адамдар мен қоғам арасындағы, қатынастың сапалық өлшемі, наным.

Ал, мұның өзі ұлттардың бірлігін нығайтып, олардың арасындагы сенім мен достықты одан әрі дамытады (Р.Мылтықбаев, Түбі бірге.).

Семьядағы байсалды, бірқалыпты қарым-қатынас жас буынның ата-анасына деген сенімі мен құрметін күшейтеді («Қазақст. мект.»).

Жігіттерге менің сенімім мол, жолдас командир(Б.Момышұлы, Шығ.).

2. Күткен үміт, ықылас, ниет.

Сен әке сенімін алдап кеттің ғой (Ә.Сәрсенбаев, Теңіз.).

Абай ендігі сырына Ерболды ерекше сеніммен тартты (М.Әуезов, Абай, Тол. жин.).

Ертеңнен ет кессе де елің үшін,

Еліңнің ерлігі мен сенімі үшін,

Құрбандық қозысы бол, ренжіме,

Елдігін ел де аямас сенің үшін (А.Тоқмағамбетов, Қаз. әдеб.).

Әйтеуір көңіліне зор сенім ұялағандай болады (Б.Тілегенов, Аққайнар).

3. діни. Діндегі басты дүниетанымдық ұстаным; Құдайдың барлығына және жалғыз екендігіне сену. 

Сенімі күшті.