СЕРПІ

lat: SERPİ

е т. 1. Аяқ не қолды шұғыл сермеу, сілтеу. Аяғымды қатты с е р п і п қалсам керек, сатыны құлатып алдым (Ө.Ахметов, Адам.). Қолымды қайырылмастан кеттің с е р п і п, зырлапты содан бері көп күн өтіп (С.Мәуленов, Жаз ерке.). Молдарәсіл қарынан ұстаған қолды с е р п і п тастап, сөзін жалғастыра берді (Д.Исабеков, Тіршілік). 2. Көрпені, дастарқанды т.б. затты ысырып тастау, итеру. Көрпені үстімнен с е р п і п жіберіп, орнымнан атып тұрып, далаға жүгіріп шықтым (А.Ғабдуллин, Сар. жапырақ.). Қан қатқан қанатымдай шинелімді, Қайыра с е р п і п, ашып көкірегімді, Құшып бір тұрғандаймын нақ осы кез, Назымды, сырымды айтып мен елімді (Қ.Аманжолов, Шығ.). Қозыке: Сәрсекең алдына жай, Сәрсекең алдына жай! дей берсе керек. Сонда Тәнті мырза дастарқанды с е р п і п жіберіпті (Ж.Аймауытов, Шығ.). 3. Ығыстыру, жоқ қылу, аластау. Аждаһадай ақырып Алдымнан қарсы шапса да Естімеймін үндерін! С е р п і п тастап түндерін, Туғызамын күндерін (Үш ғасыр.). Сергек ой с е р п е тастап қорқынышты, Жас жүрек өмір асқан алып ұшты, Қиялмен қарт Боранды қаға тастап, Өзінің Нұрланын бір барып құшты (Қ.Аманжолов, Шығ.). С е р п і п тастап көк тұманын күдіктің, Тұр едім мен аясында үміттің. Кенет жолды кесіп өте бердің сен, Құшағында бір бейтаныс жігіттің (М.Шаханов, Ғасырлар.). 4. а у ы с. Самғау, асыпасу, дандайсу. Күйді қаққан саусақтан Шерткен күйді ішектен, Көкке с е р п і п кетті күй (І.Жансүгіров, Шығ.). Святославты ол ерлер Шалқи, с е р п і п мақтады, Игорьдың бірақ оларға Қылықтары жақпады (С.Мұқанов, Шыңнан шыңға). Кей мырзалар с е р п і п жүр, Қарны шығып шерпіп жүр. «Сен солайсың» дегенге, тырсырс етіп дертіп жүр (С.Дөнентаев, Шығ.).