СЕРПІЛ

lat: SERPİL

ет. 1. Қимылдау, қозғалу.

Саңлау мүшелерінің бірі бұзылған адам қозғалысын билей алмайды,

Сырттан берілген жерге дұрыс серпіле алмайды (Ж.Аймауытов. Шығ. жин.).

2. Күннің бұлт пен тұманнан ашылуы.

Түні бойы жанған ақша қарды қатырып үлгіргенше асығып аспан жүзі бұлттан серпіліп, Сібірдің шаңғытқан аязы ысқыра, бүре келді (Б.Майлин, Азамат Азаматич.).

Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесінен көрінді (Б.Майлин, Шығ.).

Жолдастарының бәрі де серпілгендей болып, «әңгіме айт, әңгіме айт» деп, басын көтеріп Әзимханға жабылды (С.Сейфуллин, Шығ.).

Бұл ауылдарда ешкім оны кім екенін білмейді. Сондықтан оның ауыр ойы серпіліп, көңілі тыныштала бастады (М.Жұмабаев, Шығ.).

Абайдың іші ала қызып, қуана серпіліп, тез-тез құлаш сермегісі келгендей (М.Әуезов, Абай жолы.).

3. ауыс. Жоқ қылу, аласталу.

Жанымнан үрей серпілді,

Жарқ ете қалды жаңа ойлар (Ә.Тәжібаев, Өлеңд.).

Қашан атар алтын таң?

Ерікті ерке ел болар!

Қараңғылық серпіліп

Қашан-деген шам жанар! (Б.Бұлқынов, Адамзатқа хат.).

Әлдене төнген пәле серпілгендей, алдағы күнге үмітпен қараудың керектігі сезілгендей болды (Б.Майлин, Шығ.).

Көптен бері қоршалап алып, даланы басқалы тұрған пәле серпіліп, бұл кісілерге жеңіл болып қалған сияқтанды (І.Жансүгіров, Шығ.).

4. ауыс. Шегіну, артқа қарай жылжу, кері қайту.

Әлгі бір мезетте аспанды торлап, түнерген қара бұлт серпіліп, тұс-тұсқа ыдырай бастады (Н.Ғабдуллин, Қызық дәурен.).

5. ауыс. Сергу, бой жазу.

Ал серпіле беріңдер, атқа-атқа қарай. Ата отырып шегін, түге (М.Әуезов, Шығ.).

Қорыққаннан қойдай үркіп тұра қашты,

Қаша алмай қалғаны өліп тыраңдасты,

Кеткен соң жау серпіліп жан-жағынан,

Жиналып ирандар да ұрандасты (Рүстем-дастан.).

Тиммені қоршаған топ та артқа қарай серпілді. «Бұл бәрінен күшті Иван емес пе, оған қарсы қол көтеруге бола ма?» (Қ.Исабаев, Соңғы тәулік.).

Аттың жан таласқан серпінінен қорғанып кейін серпілді (С.Бегалин, Уақыт тынысы.).

Айыр қалпақ шошынып кейін серпілді (С.Шаймерденов, Сел.).

Қасболат мазасыз ойдан серпілгісі келді (Т.Ахтанов, Боран).