СЕРПІН

lat: SERPİN

з а т. 1. Сыртқа тебетін күш. Ол су ішіндегі жанталасқан атының с е р п і н і н е н қорғанып, кейін серпілді (Сегалин, Уақыт.). Мың сан тұяқтардың құшырлы с е р п і н д е р і н е н ұшқан қиыршық қар, енді бүкіл өңірді ақ түтін етті (М.Әуезов, Ақын аға). Енді абайласа екеуінің қанат қағыстары да, құлаш сермеулері де, с е р п і н д е р і де бірдей екен (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.). 2. а у ы с. Екпін, қарқын, қайрат, әсер. Магнитогорск металшылары майдан тапсырмасын зор с е р п і н м е н, қайтпас қайратпен бұлжытпай орындап отырды (С.Мәуленов, Шыңда.). Үлкен орақ с е р п і н і қазақ жеріне де жетті (Ғ.Мүсірепов, Шығ.). Бұл күйдің өзге күйден үні бөлек, С е р п і н і қатты, екпінді сергек, өргек. Өмірде естімеген бір күшті күй, Желпінтіп жерді, кетті аспанға өрлеп (І.Жансүгіров, Поэм.).