lat: SEZİM SALASYNDAǴY DARA AIYRMASHYLYQTAR
Психикалық эмоциялық жақтарындағы айырмашылықтардың адам психологиясын сипаттау үшін зор маңызы бар. Адамды толық білу үшін тек оның қалай ойлайтындығын, қалай әрекет ететіндігін ғана білу жеткіліксіз, оның қалай сезетіндігін де білуіміз керек. Адамдарды бір-бірінен айыратын оның сезімдеріндегі өзгешеліктер нендей екен? Сезімнің бағыттылығы.
Сезім саласындағы ең басты айырмашылықтар – адам сезімдерінің қандай нәрсеге бағытталғандығына, осы сезімдердігі мазмұнына байланысты болады. Лермонтов «Ой» деген өлеңінде былай деп жазды: «Біздің жек көруіміз де, сүюіміз де кездейсоқ». Егер сезімдер кездейсоқ объектілерге паршаланып, кездейсоқ себептерден пайда болса, онда олар адамның шығармашылық жұмысында да, тіршілік күресінде де мықты қозғаушы күш бола алмайды. Қайта ондай сезімдер адамды өмірінің негізгі міндетін басқа жаққа аударып, таңдап алған тура жолынан адастырып жіберетін кедергі болуы мүмкін.
Адамның эмоциялық өмірін талдай білу үшін, ең алдымен, оның өмірінде ең үлкен роль атқаратын сезімдердің оның дүниеге көзқарасымен және алдына қойған негізгі мақсаттарымен қаншалықты байланысты екенін ұғыну керек. Оның бір нәрсені жақсы көруі жек көруі, рухтануы, қуануы, қамығуы кездейсоқ па, жоқ принципиальды ма, соны білу қажет. Оның сезімдері жеке басының бағытталуын көрсететін сенімінен туа ма немесе олар осы минуттағы әсерлерден туа ма, осыларды жақсы ұғыну керек.
Мәселен, өшпенділік сезімі бағытталған нәрсесіне қарай жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Отан жауларына деген өшпенділік – адамды ерлікке рухтандыратын және батырлықты тудыратын ең жоғарғы сезімі. Жарыста өзінен озып кеткен адамды жек көріп, оны күндеу сезімі – бұл ұсақтық, төмен сезімдер өсек туғызады, жаман қылықтар істеуге бастайды.
Сезімнің тереңдігі. Адамның эмоциялық өмірін сыпаттауда оның сезімдерінің тереңдігі зор орын алады. Терең сезім деп әр адамның тіршілігінің ең маңызды жақтарын қозғайтын сезімді айтады; ол адамның ойы, талаптары, тілектерімен жан-жақты байланысты болып, барлық рухани тұрмысына әсерін тигізеді. Тез өтетін және сыртқы көрінуі ашық күшті сезімдердің, барлығы бірдей терең сезім бола бермейді. Әуестену күшті сезім болғанымен, терең сезім емес. Шын сүйіспеншіліктің әуестенуден өзгешелігі – ең алдымен оның тереңдігінде.
Аффектілердің барлығы күшті сезімдерге жатады, бірақ олардың көпшілігі тіпті терең болмайды. Ызаның қызу сыртқа шығуы күшті және тайыз сезім болады. Адамның сенімінен туатын және оның өмірлік күресінің жолын айқындайтын принципиалды жек көру терең сезім болады. Сезімнің тереңдігі көңіл күйдің қызу, тез болуымен, ондай көңіл күйінің сыртқа тез шығуымен қажетті түрде байланысты емес «Сабырлылық бойда жасырын жатқан ұлы қуаттың белгісі; сезімнің, ойлардың толық және терең болуы ұстамсыз қылықтарды болдырмайды» (Лермонтов, «Біздің заманның геройы»).
Адамның эмоциялық өмірінің байлығы мен мазмұндылығы, оның сезімінің күшінен гөрі тереңділігіне байланысты. Адамдармен де және іспен де қатты әуестенетін адамдар болады. Бірақ қандайлық та әуестену болмасын тек терең сүйіспеншІлікке айналғанда ғана оның терең өмірлік маңызы болады. Тек құмарлыққа ғана салынып, сүйіспеншілік қолынан келмейтін адамдар үстірт, қуыс кеуде болып қала береді.
Сезімнің тұрақтылығы. Сезімнің тереңдігі оның тұрақтылығымен өте тығыз байланысты; сезім терең болса, тұрақты және берік те болады. Ал тайыз сезім күшті сезім болған күнде де, аз уақыттық, өткініш сезім болады. Сезімнің тұрақсыздығы бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі болуы мүмкін. Біреулерде сезімнің тұрақсыз болуы көңілі тез құбылып өзгеру формаларында көрінеді. Мұндай адамның сезімі барлық нәрсеге тез әсерленеді, бірақ олар терең болмағандықтан, басқа сезімдерге, тіпті қарама-қарсы сезімдерге де, тез ауысып отырады. Мұндай адамдар болымсыз қатерден сескенеді, бірақ оларды бір жақсылық хабар айтып тыныштандыруға да болады; сонда қайтадан қамсыз, бейқам қалпына келеді. Ондай адамдар қайғыны өте уайымдағыш болғанымен, қызықты бір нәрсеге алданып, қайғысын тез ұмытып кетеді. Бұлардың көңілі кез келген әсерден құбылып, алмасып отырады. Басқа бір жағдайларда ссзімнің тұрақсыздығы – эмоциялық шапшаң мұқалу формасында болады.
Сезімнің көп түрі осы сезімдерді тудыратын әсердің жиі қайталауы себепті әлсіреп, ең ақырында өшетін болады. Бірақ өзін тудырған әсерге әдеттеніп алған сол сезімнің, барлығы да әлсізденеді деу мүлдем қателескендік болар еді. Адамның жеке басына терең әсер ететін, оның әралуан мүддесіне байланысты сезімдер қайталағанда әлсіремейді. Мұндай сезімдер ешуақытта мұқалмайды. Егер адам бір істі шын көңілімен сүйетін болса, ол іске адам шын көңілімен сенсе, онда ол іспен адам әрдайым шұғылданып отырған күнде де одан зерікпейді, қайта бұрынғыдан да сүйе түседі. Жақсы музыка тыңдағанда туған сүйсіну қайта тыңдағанда күшейе береді. Көркем әдебиетті сүйетін және оны түсінетін адам оқыған таңдамалы шығармаларын қайталап оқи береді, оған қарап оның қызығушылығы жойылмайды, шығарманың әсері де кемімейді.
Ықыласы тайыз, тұрлаусыз адам өмірден тек күлкі-думан іздеп те қажиды, барлығынан тез суынады, өйткені оның қандайлық сезімі болса да жай ғана, үстірт болады. Бұл сықылды адамдарда эмоциялық сезімдердің, мұқалғыштығы, жасып кетуі қатты күшейеді, мұның нәтижесі зерігу болады. Бұл категориядағы адамдарға, мәселен, Онегин мен Печорин жатады. Печорин өзінің тез жасуын өмірдегі ең бақытсыздық нәрсе деп мойындайды. «Маған бәрі аз, мен қызық тәрізді уайымқайғыға да тез көндігіп кетем, күн санап кұрып барамын».
Сезімнің әсерлілігі. Сезімнің адамды іскерлікке жұмылдыратын, ұмтылатын сыпаты өте күшті. Бұл жағынан адамның эмоциялық күйлері сан алуан болуы мүмкін. Кейбір адамдарда сезім әсері қозғау беретін зор қуат болса, басқа біреулердің мінез-құлқынан оның әсері жоққа тән болады. Бұл соңғы категориядағы адамдар бір сезімге қатты берілуі мүмкін, бірақ іс, қылығына сезімі әсер етпейді. Сезімдерінің іскерлік мәніне қарап адамдардың арасындағы көп айырманы көруімізге болады, өйткені сезім адамның мінез-құлқы үшін қозғаушы күш болады. Әсерлік мәні орасан күшті, берік және терең сезім адамның ойын туралап, барлық ісіне белгілі бір бағыт береді, оның әрекетіне белгілі әсерін тигізеді. Сезімнің осы сыпатын – құмарлық деп атаймыз.
Құмарлық адамның бойын билейді, сондықтан оны зор күш деп бағалаймыз. Отанын, өзінің халқын сүю, ғылым мен көркем өнерді сүю – адамды ерлік істерге құмарттырады, ұлы шығармалар жасауға жол ашады. Бірақ ұсақ, мардымсыз, адамшылыққа жатпайтын нәрселерге, лайықсыз іске әуестік адамның кісілігін жоюы мүмкін. Осындай, адамды жаман әдетке бастап, нәпсіге құл етіп жіберетін құмарлықтың сипаттарын Пушкиннің көп шығармаларынан «Қарғаның мәткесінен» (Байлықка құмарлану), «Сараң серіден» (сараңдық), «Моцарт пен Сальериден» (құмарлыққа айналған күншілдік) кездестіруге болады. «Құмартып сүю», «Құмартып жек көрушілік», «Іске құмарлық» деген сөздер – сезімнің әсерінің өте тереңдігін, тұрақтылығын сипаттайтын сөздер.
Сезімнің әсерлігі жөнінен бір-біріне қарама-қарсы бір жағынан сентименталдық адамдар, екінші жағынан, құмарлы адамдар болады. Біріншілер, өз сезімдеріне өздері сүйсініп, содан ләззат алатындар, оны іске асыру жағын аз ойлайтындар; екіншілері, сезімдерін көп білдірмейді, бірақ өмірі соның соңында болады, оларды іске асыруға тырысады.