ШӘРБАТ, ШАРБАТ, ШӘРБАТ, ШӘРБЕТ, ШЕРБЕТ, СЕРБЕТ

lat: SHÁRBAT, SHARBAT, SHÁRBAT, SHÁRBET, SHERBET, SERBET

(пар. шәрбат شربت) тәтті шырынды сусын.

Қолына мен Күлшенің ұстатайын, Кесенің түбіне сап шәрбат құйған («Орқа Күлше». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).

Ауыздан шыққан лебізі, Пейіштің шәрбат суындай («Қисса Жәмшид». Бабалар сөзі. 6-том. 2004. 100 томдық).

Бар екен бұрынғыда бір зор шаһар, Бір адам жүреді екен шәрбат сатып («Қисса қырық уәзір». Бабалар сөзі. 8-том. 2004. 100 томдық).

Ұсынып бір-біріне шарбат ішті, Өбісіп, құшақтасып үйге кіріп («Сейфүлмәлік». Ғашықнаме, 1976).

Өлгенде көрген жалғызға, Шәрбеттің суын ішірді («Қарақыпшақ Қобыланды батыр». Бабалар сөзі. 36-том. 2006. 100 томдық).

Тәтті тағам, шырын шербет өткізіп, Патша ағзам және бір сөз тербетті («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990).

Өлгенде көрген жалғызға, Шербеттің суын ішірді («Қобланды батыр». Ақсауыт. І том. 1977).

Жаңбырменен тұнған қызыл қақ, Аны сербет қылып ішейік («Едіге жыр». Бабалар сөзі. 39-том. 2006. 100 томдық).