көркем шығармада оқиғаның әбден шиеленісіп, шегіне жетіп өрістеген кезеңі. Әдетте шығарамадағы оқиға желісінің өрбіп-дамуы бірнеше кезеңге бөлініп қарастырылады. Оқиға желісінің, яғни сюжеттің басталуы, өрістеп шиеленісе түсуі, шарықтау шегі, аяқталуы – әр қайсысының атқаратын міндеті өзгеше болып келеді, өзіндік сипат ерекшеліктері болады. Шарықтау шегі (кульминация) оқшауланып көрінетін себебі – бұл шығармаға негізгі арқау болған талас-тартыстын барынша күшейетін тұсы. Оқиға немен тынады, қай арнаға келіп саяды, кейіпкерлердің жәй-күйі қандай болады– мұның бәрі оқушыға бұл сәтте әлі толық айқын емес. Алайда оқиға әбден ширығып, шиеленісіп, тартыс-қайшылық асқындаған сайын кейіпкерлердің тағдыры не олай, не бұлай болатын кезең жақындаған сезіліп, оқушы оқиғаның қалай аяқталатынын білуге ынтыға түседі. Сәбит Мұқановтын, «Сұлушаш» поэмасында Алтайдың Сұлушашты алып қашуы, соңдарынан қуғыншылар шығуы сипатталатын тұс сондай. Ахметов З.