шығармадағы оқиға желісіне тікелей қатысы жоқ басқа бір жай-жағдайларды кегжелей кірістіріп айту. Көбінесе әңгіме желісін үзіп, кідіріс жасаған кезде бұдан бұрынырақ болған жай тілге тиек етілетіндіктен, бұл тәсіл шегініс деп аталады. Кейде лирикалық шегініс делінсе, кейде авторлық шегініс делінеді. Лирикалық шегеністе байқалып отырған жағдайға, суреттеліп отырған кейіпкерге автордың өз қатынасы, өз көңіл күйі айтылады. Бұл оқиғаға баяндаушы өзі тікелей араласқандай әсер береді. Ал авторлық шегініс баяндаушы тарапынан да берілуі мүмкін. Мәселен, Ә. Нүрпейісовтың «Қан мен тер» романында бір ауылға қонаққа келген Есбол деген қарт кісі Мөңке есімді адаммен кездесіп отырып, оның жас кезін еске түсіреді. Ол Мөңкені баяғы бала кезінен біледі: «...Есбол қария шиқ-шиқ күледі. Ел қыдырып жүріп бір жолы, біраз адам түстеніп отырғанда бұлардың үстіне аласа, бірақ шойындай сом тұлғалы қара бала кіріп сәлем берді. Сонда оған ішінен Есбол назар аударып: «Мынау қай бала. Бадамшасын - ай, өзінің. Көлдің тоқпақбас қара мөңкесіндей екен»,– деп жұртты ду күлдіріп еді. Аузы дуалы қарияның сол айтқаны елдің есінде қап, Рәбіл баланың атын жұрттар саққа шаптырып: «Қара Мөңке», «Тоқпақбас Мөңке», «Балықшы Мөңке» деп атап кетті. Автор шегініс жасау арқылы кейіпкердің бала кезіне қатысты бір жайды орынды жерде еске салып, оның бейнесін толықтыра түскен. Ахметов З.