ШОТ

lat: SHOT

Кетпен сияқты, ұңғысы жүзіне кесе көлденең жасалған, көлемі көбінесе балтадан да кіші, жіңішке әрі қысқа ағаш қабы бар, ағаш шабуға, тегістеуге арналған жалпы шаруашылық, ұсталық, зергерлік құралы.

Үлкен, жуан ағаштарды шауып белгілі бір нобайға келтіретін шотты байтесе, кетпеншот деп атайды. Жобаға келген ағаштан ер-тұрман , ыдыс-аяқ, үй жиһаздарын шабатын не өңдейтін шот түрлерін аталғы, қайқышот, қуыс- құлақ шот, шаппашот деп әртүрлі атайды. Шот, негізінде, екі түрлі болады. Оның бірі жай шот деп аталады. Ол - ағашты тегістей шауып өңдейтін, жүзі сүргінің жүзіндей сыртына қарай қиғаш қайырылған құрал, шот. Екінші түрі қуысқұлақ шот немесе қайқышот деп аталады. Өйткені мұның жүзі жарты ай тәрізді қуыс болады. Шоттың бұл түрімен ыдыс-аяқтық ішін ұңғи шабады, ердің оқпанын қуалай шабуға болады (Шоқпарұлы. 1980. 9. 31 б.).