ауызша шығарылған не жазып шығарылған сөз. Шығарманың түрі көп екенін ескерте келіп, ғалым оның бəрі арабша əдебиет, қазақша асыл сөз деп аталатынын ескертеді. А.Байтұрсынұлы шығарманың өңді, ұнамды болуы үшін бірнеше талаптарға сəйкес болуы керектігін ескертеді. Атап айтқанда: 1. Сөз дұрыстығы. Ол үшін сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нəрселерді жақсы біліп, əрқайсысын өз орнына тұтыну; сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру қажет екенін айтады. 2. Тіл тазалығы, ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу. Мəдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуымыз мүмкін екенін ескертіп: «Сондықтан мəдени жұрттардың тіліндегі əдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пəн сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек. Сонда біздің əдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады» дейді. 3. Тіл (лұғат) анықтығы. Лебіз ашық, мағыналы болу үшін айтушы айтатын нəрсесін анық танитын болуы керек. Шығарманың екі жағы бар: 1) ішкі пікір жағы, 2) тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) Шығарма түрінің ғылымы, 2) Шығарма тілінің ғылымы. Тілінің ғылымы дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нəрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді.