ЦИКЛ

lat: SIKL

зат. 1. Мөлшерлі уақыт ішінде толық бір айналыс жасайтын белгілі бір құбылыстар жүйесіндегі процестердің жиынтығы.

Атылған тау жыныстары жатпайды, тек бұрғылауды ғана біл, белгіленген циклдің бірде-бірі бұзылмайды (I.Есенберлин, Алтын құс).

Осы уақытқа дейін бізде жер қазатын экскаваторлар жұмысты төрт циклмен істейтін (Қ.Ұябаев, Қырда.).

Мұндай кептіргішпен қандай да дымқыл астықты бір цикл кезінде керекті дәрежеге жеткізуге болады («Лен. жас»).

2. әдеб. Қаһармандарының я тақырыбының немесе тарихи дәуірінің бірыңғай болып келуіне қарай топтастырылған шығармалар тобы.

«Әр сапар бір кітап» дейді екен Константин Паустовский, Төлегеннің де сапары сәтті болып, Маңғыстау сапарынан жақсы цикл алып қайтқан (С.Мәуленов, Үркер.).

«Ауыл хикаялары» цикліне енген жеті әңгіменің әрқайсысы өзінше жеке талдауға тұрарлық дүниелер екен («Қаз. әдеб»).

Телевизияда көрсетіліп келе жатқан «Бесжылдық вахтасында», «Еңбек адамдарын ардақтаймыз» деген хабарлар циклі тәуір («Қазақст. Коммунисі»).

Келтіріп отырған цикл дәл 11 жылда емес, ол 11,1 жылда қайталанатыны есептеп шығарылды (Т.Омаров, Күн және табиғи құб.).

3. инф. 1) Алгоритмнің немесе программаның бірнеше рет орындалатын бөлігі.

Цикл берілген айнымалы белгілі бір мәнге жеткенше немесе бір көрсетілген шарт орындалып болғанша атқарылатын программадағы бірнеше рет қайталау операторлар жиынынан тұрады (Қаз. тілі термин. Информатика.).

2) Сол бір тізбек бойымен тұрақты түрде қайталап отыратын операциялар жинағы [Операцияны әрбір қайталау кезінде өзгеріс болады].