СОЛ

lat: SOL

е с і м. 1. Нақ, дәл осы мағынаны білдіретін сілтеу есімдігі. Көшейін деп қыбырлап, Ел қыстаудан қозғалды. Жаралы жүрек жыбырлап, Жазылмай жалғыз с о л қалды (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Дүниеде ешбір қатер жуымайды, Әркім ие боп жүрсе өз аузына. Басына бәле адамның тілден болар, С о л тілден ұрынады сөз дауына (Қабан жырау, Алтын қазық). Жолдас болсаң жақсымен Дұшпаныңды жеңгенің, Адамдықтың белгісі Біріңеірің сенгенің. Құлағың сал жігіттер, Жарлымын деп мұңайма, Жеті мүшең сау болса, Тағдырдың с о л да бергені (Базар жырау, Шығ.). Байқара атаң бай болды, Төрт түлігі сай болды. Қайыры елге мол болды, Анық әділ с о л болды (Дулат Бабатайұлы, Замана.). 2. Күн, уақыт, мезгіл сөздерімен тіркесіп, дәл сол уақыт деген мағынада жұмсалады. Күн батып, қас қарайып кеш боп қалды, Аузына әрне десе Тәңірім салды. Құдайдың қаһар, ғазап көп пәлесі, С о л уақытта бау ағашты қоршап алды (Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Шығ.). Нияз с о л күні түнде Дәметке айтқан әңгімесін бас дәрігердің үйіне барып, оятып ап, оған да баяндады (З.Шашкин, Доктор.).