СОЛАЙ

lat: SOLAI

ү с т. 1. Айтылған жаққа қарай, сол бағытқа. Көкқасқа құламадан қалай атылса, олар да с о л а й атылып өтіп, алда келе жатқан ата балықтар Көкқасқаның маңына жинала бастады (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.). Ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмастан с о л а й қарайлап қойды (Қ.Салғарин, Сол бір күн.). Қол ұстасып кеттік с о л а й жүгіріп, Екеуара шын достықты білдіріп. Ерке сезім жанымызды аралап, Дүниені бара жатыр күлдіріп (Г.Сейілжанова, Шалқыма). 2. Осылай, сондай. Бірақ Жамбыл сырын ұқпаған жұртқа с о л а й да көрінген (С.Бегалин, Сахара.). Халықтың қадірменді ұлы қария қазыбек би с о л а й деді (Ә.Әлімжанов, Жаушы). Күркіреп жауып кеткен өткіншідей, Секілді өмір с о л а й өкінішің. Орақ орып, кетпенді шаппасам да, Ән мен күй, өлең еді бар жұмысым (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Қалай болса, солай. Немқұрайды, селсоқ, немкетті. Ол гүл қ а л а й б о л с а, с о л а й өсе беретін арам шөп емес, оған алтын күн нұры керек (І.Есенберлин, Ғашық.). Құрбан қария қара тастан қ а л а й б о л с а, с о л а й қалай салған тығырық қара молаға келді (Ә.Кекілбаев, Дала.).