зат. 1 . Сыйластық, құрмет, қошемет . Сыйламас іні сен бе едің, Сый білмес аға мен бе едім?! Су берші маған, інішек, Су берші маған, шөлдедім! (1,156). Тойланбаса тойланбасын, Не етейін. Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, Болашаққа арыз жазып кетейін (3,253). 2 . Әртүрлі себептерге байланысты берілетін сыйлық, тарту . Алтын да, алмас та емес жалтылдаған, Бір сый бар, аға, саған тартылмаған! Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер, Сыйдан да он есе артық даңқың маған (1,210). Анам маған: «Үлкенді сыйла!» – деген, Сол сөз маған ізгілік құйған ерен. Үлкендерден ауысқан кішілікті, Үлкендердің өзіне сыйға берем (1,304). 3 . Әркімнің өзіне бұйыртқан несібесі, ырзығы; сыбаға, үлес. Аспаннан бақыт жауса тыйылмаған, Бәрібір біреулерге бұйырмаған. Өмірдің өзі берген сыйымды алам, Бақыт-ау! Сенің құның тиын маған! (3,109). Ескермей тіршіліктің жарақатын, Сонда да күн шығатын, таң ататын. Бар сыйы табиғаттың өзі берген, Біздің үй керегіне жарататын (3,262). 4 . ауыс. «Азап, қиыншылық, ауытрпалық, жаманшылық» д. м-дағы қолданыс . Гитлердей бұзығынан « сый » алған, Германия әлі күнге жаралы. Ұлдарынан, ұрпағынан ұялған, Ару Берлин жарты беті қаралы (2,39). Бұрын адам сезбеген, Бұрын адам көрмеген, Қарсы аттанды ол қатерге. Қарсы алдынан көлденең, Қандай « сыйды » тартар екен жат елде (2,40).