СЫЗЫҚША «-»

lat: SYZYQSHA «-»

жалпылағыш қос сөздердің арасына, сөзді тасымалдаған кезде, т.с.с. қойылатын белгі. Мыс.: аяқ-табақ, киім-кешек, қой-қозы, сауыт-сайман, ер-тұрман немесе сау-да, са-йақ, а-сық, тұш-қыл-тым, са-рым-сақ, мақта-ну-ға, жал-пыл-дау-ға, а-тыс-ты-ру-ға. Бүгінгі таңда А.Байтұрсынұлының «сызықша» деген атауының орнына орыс тілі арқылы латын тілінен енген дефис атауы қолданылып жүр. Ғалым «дефис» сөзінің баламасы ретінде сызықша, қосарлық, кіші сызықша атауларын пайдаланған. Ал қазіргі кезде сызықша атауы «дефис» емес, орысша «тиренің» баламасы ретінде қолданылып жүр. Дұрысында, қазақ тілінде -ша/-ше қосымшасы кішірейту мəнінде жұмсалады ( тақтайша, қалташа, қалақша т.с.с.). Сондықтан А.Байтұрсынұлы ұстанымдарын қуаттап, негізге ала отырып, сызықша деген атауды «дефистің» баламасы ретінде қолданып, сызықша, тире деген атаулардың орнына сызық деп алған жөн. Яғни, ұзынын «сызық» деп, қысқасын «сызықша» деп атаған дұрыс болар еді.