Сүйек-саяқ. Қазақ, қырғыз (соок-саак), хакас (соо-саағы) тілдерінде бұл қос сөздің екінші компоненті дербес қолданылмайды. Бірақ осы саяқ сөзінің түркі тілдеріндегі даму тарихына, тұлғалық жағынан өзгеру заңдылығына назар аударсақ, оның сояу сөзімен төркіні бір екендігін көреміз. Мысалы, сүйек сөзінің түркі тілдердегі айтылуын салыстырып көрейік: қырғызша, туваша — сөөк, алтайша, хакасша — соок, өзбекше — суяк, сары ұйғырша — сонук//сымык//сунуқ , ұйғырша — сөңәк//сүңәк, азербайжанша — сүмүк т. б. Ал түркі-монғол тілдеріндегі сояу сөзінің (пілдің, қабанның сыртқа сойдиып шығып тұрған азу тісі мағынасында) соёо//сояу//соіоғо//соёк варианттары барлығы жоғарыда көрсетілді. Пілдің, қабанның азу тістерінің де сүйек екені белгілі нәрсе. Сүйек сөзімен сояу сөздерінің қос сөз ретінде бірігуінің себебі де олардың осындай жақындығына байланысты. Ал енді сүйек-саяқтағы саяқтың сояу//соёо//соіоғо сөздерінің отимологиялық варианты екенін анықтау қиын емес. Бұл арада сөз соңындағы у, о дыбыстарының қ, к дыбыстарымен (салыстыр: бояу~бояқ, сау ~ сақ, тау ~ таг тәрізді) алмасуы және соның салдарынан кейбір дыбыстық өзгерістер байқалады. Сояу>саяқ сөздерінің түп-тамыры сай- (сой-, сүй-) етістігі болуы мүмкін деп жорамалдаймыз. Осыдан келіп сай- (колоть, вонзить, втыкать) етістік түбірінен сойыл, сидам, сүймен, ұйғыр тіліндегі саймақ (шөңге тікен) сөздері жасалуы мүмкін. Сол сияқты саяқ (<сояу) сөздерімен қазақ, қырғыз тілдеріндегі сай (сай-сүйек, сай-соок) сөзі төркіндес болуы мүмкін. (Ә. Қайд)