САЯСИ ҒЫЛЫМНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІРЛЕСТІГІ

lat: Saıası ǴYLYMNYŃ HALYQARALYQ BİRLESTİGİ

әлемнің көптеген елдерінің саясаттанушыларын біріктіруші ұйым. ЮНЕСКО шешімі бойынша 1949 ж. құрылған. БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі мен ЮНЕСКО жанында кеңесші мәртебесін алған. Саяси ғылымның халықаралық бірлестігі 40-тан аса саяси ғылымның ұлттық бірлестіктерін, 100-ден аса жетекші университеттердің кафедраларын, бір мыңнан аса жеке мүшелерді, танымал саясаттанушыларды біріктіреді. Саясаттанушылардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде, саяси зерттеулерді дамыту мен ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Бірлестік штабы Париж қ. Саяси ғылымдардың Ұлттық қорының жанында орналасқан. Бірлестік қызметінің негізгі бағыттары: а) саяси ғылымның ұлттық бірлестіктерін дамыту және білім беруге қолдаушылық көрсету; ә) саяси ғылым саласындағы жетістіктер туралы ақпаратты таратуға көмек көрсету; б) саяси ғылымның халықаралық бірлестігінің дүниежүзілік конгресс жұмысын ұйымдастыру; в) СҒХБ (МАПН) мүшелері үшін саясаттануға арналған кітаптар, ғылыми журналдар мен ресми ақпараттарды басып шығару; г) саяси ғылымдағы бірлескен халықаралық зерттеулерді қамтамасыз ету.